{metadescription}
Amanat арқалаған партия. Nur Otan-ның атауы өзгерді
Amanat арқалаған партия. Nur Otan-ның атауы өзгерді

Amanat арқалаған партия. Nur Otan-ның атауы өзгерді

Еліміздегі ең ірі партия енді Amanat деп аталады. Жаңашылдыққа бет бұрған билік партиясының жұмыс бағыты өзгеріп, саяси кеңес мүшелері жаңарып, кейбір лауазымдары алынып тасталды. Жаңа атауды кім ұсынды, алғашқы қадам неден басталады?

Nur Otan партиясы енді Amanat болып жұмысын жалғастырады. Атауды өзгертуді бүгінгі кезектен тыс съезде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ұсынды. Спикерді президент те, басқа партияластары да қолдады. Өткен 23 жылда «Отан», Nur Otan боп келген партияның логотипі, құрамы, тіпті бағыты да өзгереді. Жеті түрлі себеппен Amanat атауын арқалаған партияның ендігі қадамы ашық, жұмысы жан-жақты болады деген сенім бар.

Сырт келбеті ғана емес, ішкі жүйесі де жаңаратын Amanat партиясының алдағы жұмысын су жаңа хатшы жіпке тізіп айтып берді. Алдымен халықтың сенімін арттыру керек. Ол үшін «Talqylau» дейтін ашық алаң ашу ұсынылды. Тек қабылдау уақытын күтетін бұқара енді партия мүшелерімен кез келген уақытта кездесіп, мәселесін ашық талқылай алады. Президент қоғамдық талқылауға әлеуметтік желіні емес, парламент пен мәслихат қабырғасын ұсынды.

Асхат Оралов, Amanat партияның атқарушы хатшысы:

- Партияның жұмысы барынша ашық болуы тиіс деп санаймыз.Бүгінгі таңдағы қоғамның аса өзекті сұраныстарының бірі  партияның ашықтығы және халыққа жақын болуы. Пилоттық жоба ретінде мәслихаттардағы Nur Otan депутаттарының рейтинг жүйесі толықтай сынақтан өтті. Оның нәтижесін жұртшылыққа жария етуді ұсынамыз.

Билік органдардың ашық болуы қажеттігін үнемі айтып жүрген президент бүгін де Үкіметтің ашықтығын сөз қылып, қатаң сынға алды. Бұл бағытта партияның да жұмысы ақсап тұр. Өйткені, халықпен диалог орната алатын жаңа саяси тұлғаларды дайындай алған жоқ деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегені жөн. Сонда премьер-министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Бұндай көзбояушылықтың салдары  адамдардың әлеуметтік көңіл-күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе, геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет

Партияның ел ішіндегі беделіне жауапты фракция мүшелері, оның ішінде депутаттар мен министрлер. Бірақ олардың жұмысы тек сьездерде қағаз бетінде баяндалады. Ал халықпен байланыс жоқ жерде үшінші тұлғалар көбейетіні аян. Олардың бірінші қаруы әлеуметтік желі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жылдар бойы үнсіз болған, саясатпен айналысып жүрген кейбір адамдар қазіргі жылымықты пайдаланып, әлеуметтік желіге жаппай шыға бастады. Олар ақпарат кеңістігін жаулап алды деуге болады. Неше түрлі қауесет, жалған ақпарат тарап жатыр. Мұндай ахуал елді адастыруы мүмкін. Ашығын айтсақ, біздің жоспарларымызды, қолға алған шараларымызды көпшілік біле бермейді. Партия белсенділері заманауи ақпарат құралдарын пайдаланып, саясатымызды жұртқа жан-жақты түсіндіруі қажет

Жаңа маусымда жаңашылдыққа бет бұрған Amanat-тың кезектен тыс сьезі өткенге оралусыз болмады. Экс-мәжілісмен Нұрлан Нығматулин, қазір қамауда отырған Павлодар мұнай өңдеу зауытының экс-директоры Оспанбек Әлсейітов саяси кеңестен шығарылды. Олардың орнына пермьер-министр Әлихан Смайылов пен Президент әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу кірді.

Ал осыған дейін Бауыржан Байбек атқарған төрағаның бірінші орынбасары лауазымы мүлдем жойылды. Жыл басталғалы екі рет кезектен тыс жиналған құрамда әлі де өзгерістер болуы ықтимал. Наурыз мейрамының алдында, яғни 16 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалардың жаңа бағдарламасын жариялайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде