Тоқаев: келісім-кез келген қақтығыстан жақсы
Қасым-Жомарт Тоқаев Украина мен Ресейді бітімге шақырды. Миллиардтаған жанның тағдырын қатерге тіккен қақтығыстың шешімі тек бейбітшілік дейді мемлекет басшысы. Бұл ретте Қазақстан тараптар қажет деп тапса, арағайындық етуге дайын. Ал, екі ел арасындағы түйткілді мәселе Қазақстан экономикасына теріс әсер етпес үшін президент Үкіметке нақты міндеттер жүктеді.
Автор: Елдос Есенбол
01.03.2022
- «Әлем назарын аудартқан Украина мен Ресей арасындағы жағдайға қатысты бүгін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді. «Минск келісімі қағаз жүзінде ғана қалды» деген мемлекет басшысы, бұның арты шиеленіскен геосаяси қақтығысқа әкеліп соққанын айтты. Тығырықтан шығар жол - екі мемлекет дереу ортақ келісімге келуі» - деді президент.
"Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізген ел ретінде еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы қағидатына бейілдіміз» деген мемлекет басшысы Қазақстан тарапы қажет болған жағдайда арағайындық етуге де дайын екендігін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің ұстанымымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуді көздейді. Мен бұл туралы 10-ақпанда Мәскеуге жасаған сапарымда айттым. Біз екі мемлекетті келіссөз үстелінде ортақ тіл табысуға, келісімге келуге шақырамыз. Басқа жол жоқ. Келісім - кез келген қақтығыстан жақсы. Бейбітшіліксіз даму болмайды.
Екі ел арасындағы қақтығыс Қазақстан экономикасына әсер етпеуі керек. Мұны бүгін президент те баса назар салып айтты. Ранкинг. кз сайтының мәліметінше, Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы соңғы бір жылда 1 миллиард долларға жетіпті. Ал қазақстандық инвесторлар 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстаннан Украинаға тікелей 8,1 миллион доллар инвестиция құйған. Осы ретте біздің экономикамыз санкцияның салқынына шатқаяқтамай, аяқтан тік тұруы керек дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Әзірге көршідегі кикілжің төл теңгенің құнсыздануына әкеліп соқты. Бірақ, Ұлттық банк пен Үкімет дағдарысқа қарсы жоспар құрып қойған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкіметке елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктедім. Біздің экономикамыз дағдарыс жағдайында үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету үшін санкциялық сын-қатерлерге қарсы тұруға дайын болуы керек. Алдағы қиындықтар мен сынақтарды бәріміз бірге еңсереміз деп ойлаймын. Олардың күрделілігін бағаламауға немесе асыра көрсетуге болмайды.
Сондай-ақ, президент ақпарат кеңістігін жаулаған түрлі қауесет пен жалған ақпараттан сақ болуға шақырды. Өйткені әлдекімдер тарапынан жасалған мұндай әрекеттер елді әуре-сарсаңға салуы әбден мүмкін. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретінде елдің қауіпсіздігі мен халықтың амандығы үшін қолдан келгеннің келгеннің бәрін жасаймын деді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!