{metadescription}
Санкция салқыны Қазақстанға қалай әсер етеді?
Санкция салқыны Қазақстанға қалай әсер етеді?

Санкция салқыны Қазақстанға қалай әсер етеді?

Ресейге қарсы салынған санкциялардың кері әсерін барынша азайту үшін Үкімет бірнеше сценарий дайындап қойған. Негативті, базалық және оптимистік сценарийдің қандай болатынын, яғни алдын ала болжамдарының шет жағасын бүгін Ұлттық экономика министрі айтып берді.

Украинада тезірек бейбітшілік орнамай, жағдай ушыға берсе біздегі инфляция да өсуі мүмкін. Дегенмен, Үкімет әлеуметтік міндеттемелерін түгел орындайды. Ол үшін қаржы жеткілікті деп сендірді шенеуніктер.

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс пен солтүстіктегі көршімізге салынып жатқан түрлі санкциялар Қазақстанға әсер етпей қоймайды. Елдегі инфляцияның әлі де өсуі мүмкін екенін шенеуніктер ашық айтып жатыр. Оны тұрақтандыруға бөлінетін нақты қаржы көлемін де жасырудан жалтармай отырғаны тағы бар. Үкімет экономикамыздың дағдарыс кезеңінде шатқаяқтауына жол бермеу үшін кезекті шараларды қабылдауға көшті.

Негативті, базалық және оптимистік сценарийді Министрлер кабинеті әзірлеп қойған. Коронавирустық пандемия кезінде мұндай сценарийлер атқарушы билікке кәдімгідей көмектескен. Тағы да үш сценариге сеніп отырған шенеуніктер көпшілік алдында оның қалай жүзеге асатынын, нақты қандай жұмыстарға негізделетінін ашып айтпады. Алыпсатарлар табылып, жағдайды одан сайын шиеленістіреді деп қорқады. Шындап келгенде, ол Украинадағы жағдай мен Ресейге жарияланған түрлі санкцияларға байланысты.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Қазір инфляция дәлізі 5-7 пайыз аралығында болса, негативті сценарий кезінде бұл көрсеткіш 1-2 пайызға өсуі мүмкін, бәлкім одан да жоғары болуы мүмкін. Негативті сценарий кезінде тағы көбірек болуы мүмкін. Десе де қазір нақты айтуға әлі ерте. Өйткені жағдай бірден ушығуы немесе жақсаруы мүмкін. Бұл қазір екі ел арасында өтіп жатқан келіссөздерге байланысты. Украина мен Ресей арасындағы жағдай ушыға берсе, экономикаға қатты салмақ түседі. Ал, неғұрлым тезірек шешілсе, өңірдегі елдердің зардап шегуі де соғұрлым аз болады.

Қанша жерден жағдай тым күрделі болса да, мемлекет өзінің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды. Бағаны тұрақтандыру жағы да олардың назарында болмақ. Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық банк дағдарысқа қарсы жоспарды іске асыруға білек сыбана кірісіп кеткен. Қаражат жеткілікті.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Әлеуметтік міндеттің бәрі жүзеге асырылады. Себебі үкіметте қаражат жағынан барлық мүмкіндік бар. Әр сценарий бойынша қабылданатын шаралар дайын.

Ұлттық банк теңгені құнсызданудан сақтау үшін 170 миллион доллар интервенция жасапты. Кешегіде тағы 99 миллионды жұмсаған. Ол теңгенің долларға шаққандағы бағамын 495 теңге көлемінде ұстап қалуға ықпал еткен. Ал бүгін ұлттық валюта 487 теңгеден сатылып жатыр. Қаржы нарығын реттеуші орган қазақстандықтар депозитте ақшасын теңгемен сақтасын деген ниетпен базалық мөлшерлемені 13.5 пайызға көтерді. Шенеуніктердің пайымынша, бұл шаралар елдегі инфляцияны тұрақтандыруға әсерін тигізеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

30 қараша

29 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде