Доллармен бірге тұрмыстық техника да қымбаттады
Доллардың қымбаттауы тұрмыстық техника бағасына да кері әсерін тигізе бастады. Электроника дүкендер желісі өкілдерінің айтуынша, соңғы үш күнде дүрліккен халық жаппай тұрмыстық техника сатып алуға көшіпті.
Автор: Мақсат Мәлік
01.03.2022
Алайда, сауда орындарының басшылығы импорт тауарлардың қанша пайызға қымбаттағанын айтуға құлықсыз. Бірақ, сөредегі барлық тауардың бағасы өскен жоқ дейді кәсіпкерлер.
Елдос Ерланұлы, техника дүкенінің супервайзері:
- Соңғы үш күнде бізде кішкене сатып алушылар көбірек болды. Дүрбелең кішкене болды. Бағаларына келетін болсақ, кейбір тауар бағалары өзгерді. Мысалға теледидарды алатын болсақ, барлық теледидар өзгерді деп айта алмаймын. Арасында бар өзгергендері. Бірақ қатты өзгерген жоқ.
Халық үш күн бойы тұрмыстық техника дүкендеріне жүгіргенімен тауар жетіспеушілігі байқалмады дейді сатушылар. Ал, доллар кезекті рет шарықтағанда көбіне теледидар, смартфон, тоңазытқыш пен кір жуғыш машина сатып алған. Дүкен иелері бір көтеріліп, бір басылған баға қазір тұрақталғанын айтады. Бүгін сатып алушылардың да қатары бәсеңсіген. Алайда, сауда орындары доллар көтерілсе бағаның тағы құбылатындығын жоққа шығармайды. Десе де болжам бойынша алдағы күндері де тауар жетіспеушілігі байқалмауы тиіс. Бірақ, мұндай болжамдардың бір-біріне керағар келетін тұсы бар.Өйткені, кәсіпкерлер Еуропадан тауарларды әкелу логистикасы өзгеретіндігін айтады. Бұл бірінші кезекте тауарларды жеткізу уақытын кешіктіруі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!