Ақтөбеде автогаз жетпей жатыр
Ақтөбеде аймаққа бөлінген автогазды тағы да ірі компаниялар өзара бөліп алған. Сұйытылған газ сататын бекет иелері биліктегілердің әлі күнге дейін делдалдардың жолын кесе алмай отырғанын айтады. Өйткені, энергетика министрлігі қоймасы барларға ғана газ бөлген. Қалғандары жер сипап қалыпты. Сондықтан кәсібі тұралаған газ бекетінің басшылары мұндай алалауды доғарсын дейді.
Автор: Жаңалық Ахаш
01.03.2022
Ақтөбеде автогаз айналасындағы дау әлі шешілер емес. Сұйық газ сататын бекет иелері биліктегілердің делдалдардың жолын кесе алмай отырғанын айтады. Екі айдан бері автогазды нарықтағы тек ірі ойыншылар иеленіп, ұсақ кәсіпкерлер дымсыз қалған. Энергетика министрлігіндегілер газ сақтайтын қоймасы жоқтарға ештеңе тимесін деген ережесі кедергі келтіріп отыр дейді. Осының кесерінен амалы жоқ кәсіпкерлер делдал көмегіне жүгінуге мәжбүр.
Ақылбек Нұрғалиев, газ бекетінің иесі:
- Президенттің айтқаны делдалсыз зауыттан халыққа жету керек. Бұл жерде бір емес қарасақ екі делдал. Біреуі топтық газ құю станциялары, екіншісі автогаз бекеттері. Сонда біздің сұйытылған газ өзіміздің Ақтөбеден шыққан газ өзімізге белгілі проценттермен екі делдал арқылы жетір отыр.
Газ бекетінің қожайындары қоймаға қатысты ережені өзгертуді екі айдан бері сұрап келе жатыр. Өйткені, сұйытылған газ зауыттан автокөлікпен жеткізіледі. Оны қоймада сақтаудың түк керегі жоқ көрінеді. Әкімдіктегілер де осыны айтып елордаға бірнеше рет өтініш айтқан. Бірақ энергетика министрлігіне әліміз келмейді деп отыр.
Нұртай Сертаев, Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
- Біз емес шешетін жергілікті атқарушы орган. Оны министрлік шешу керек. Ережеге өзгерістер енгізу қажет. Енгізілгеннен кейін бізге жергілікті атқарушы органға түсіреді. Сосын өзіміз әзірлейтін боламыз.
Наурыз айына Ақтөбе облысына 11 мың тонна автогаз бөлінген. Оны тек ірі газ желілері ғана бөліп алыпты. Ал ұсақ бекеттер осы айда енді тағы дымсыз отырамыз деп отыр.Ең қызығы көрші Маңғыстау облысында газ құю бекеттері автогазды зауыттан тікейлей алады. Газ бөлуге қатысты ережені де облыста талқылайды. Бізге де сондай жағдай жасасын дейді ақтөбелік газ сатушылар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!