Үйіміз дірілдейді, балалар қорқады. Ақтөбедегі апаттың үйдің тұрғындары тезірек көшіруді сұрады
Ақтөбе шетіндегі Кірпішті ауылының тұрғындары жетпіс жыл бұрын салынған қос қабатты үйлерді сүріп тастауды талап етіп отыр. Кезінде жер аударылған немістердің қамыстан тұрғызған баспанасы әбден ескірген.
Автор: Жаңалық Ахаш
02.03.2022
Сондықтан тозығы жеткен нысанның төбесі опырылып ортасына түсе ме деп қорқады тұрғындар. Құлағалы тұрған үйдің жайын әкімдіктегілер де жақсы біледі. Бірақ тұрғындарды көшіруге дайын тұрған пәтер жоқ дейді.
- Кірпішті ауылындағы қос қабатты мына үйлер осыдан жетпіс жылдай бұрын салынған. Ол кезде елдімекендегі кірпіш зауытының инженерлері уақытша қоныстаныпты. Үйдің қабырғалары қамыстан өріліп, сырты тақтаймен қапталған. Қазір сол ағаштары шіріп, үгітіліп жатыр.
Кезінде тұтқынға түскен неміс әскерлері салған құрылыстан тек екі қабатты үш үй қалыпты. Оның бірін әкімдіктегілер апатты деп таныған. Себебі, тұрғындары өз шаңырағымызда еркін жүре алмаймыз деп отыр. Жоғары қабаттағылар еден тесіліп кете ме деп қорықса, төменде тұратындары төбе опырылып түсе ме деп уайымдайды.
Динара Әбішова, Кірпішті ауылының тұрғыны:
- Үйіміз құлайын деп тұр. Жылма –жыл мына үй төмен қарай кіріп бара жатыр. Одан қалды мына жерге асфальт жол салып еді, үлкен машиналар жүреді. Үйіміз дірілдейді. Балалар қорқады «үй дірілдеп жатыр, құлайын деп жатыр» деп. Содан жұмысты тастап жүгіріп келеміз үйге.
Талғат Оралмағанбетов, Кірпішті ауылының тұрғыны:
- Екінші қабаттан бірінші қабатқа түсіп кетуге болады. Шірігендігі соншама ағаштары бәрі ескірген. Үй толған бала-шаға. Енді әркімнің ең кем дегенде 2-3 баласы бар. Әкімдік жәрдем бермесе, мында округтің әкімі жоқ. Ешкімге керек емессің.
Бұл ауыл Ақтөбенің әкімдігіне қарайды. Ондағылар құлағалы тұрған үйдің жайымен жақсы таныс екендерін айтады. Бірақ апатты үй тұрғындарын көшіру үшін дайын пәтер жоқ деп отыр. Тек жеріне қызыққан құрылыс компаниялары табылса ғана мәселені шешеміз дейді.
Ақнұр Қазбаева, Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің меңгерушісі:
- Аталмыш үй бойынша Ақтөбе қаласының жеке инвесторларына бердік. Қазіргі таңда олар тарапынан ешқандай қызығушылық болмай тұр.
Қаазіргі күні Ақтөбе қаласы бойынша апатты жағдайда тұрған 32 үй бар. Тек соның бесеуін сүріп тастап, тұрғындарын көшіруге демеуші тапқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!