Апта сайын адам өледі. Тұрғындар күре жолдан өтетін көпір салып беруді талап етті
Алматы-Бішкек тас жолында құйындай жүйіткіген көлік 31 жастағы келіншекті қағып кетті. Марқұмның артында жолдасы мен кішкентай екі қызы қалды. Ал қайғылы оқиғадан кейін өре түрегелген Мыңбаев және Қасымбек ауылының тұрғындары тас жолдың бойындағы жүргіншілер жолағы бірнеше жылдан бері «өлім жолына» айналғанын айтады.
Автор: Мақсат Мәлік
02.03.2022
Өйткені, бір аптаның ішінде осымен екі адам көлік қағып қаза тапқан. Ешқандай қауіпсіздік сақталмаған деген халық тезірек жол үсті өткелін салып беруді сұрайды.
Адам өмірін жалмаған қайғылы оқиға кеше Алматы-Бішкек тас жолында болған. Жүйіткіген көлік рұқсат етілген жерден өтіп бара жатқан жолаушыны бірнеше метрге ұшырып әкетеді.
Қапыда ажал құшқан Баян Жүнісбекова жұмыстан келе жатыпты. Қайғыдан қан жұтқан туысқандары марқұмның соққыдан сынбаған сүйегі қалмағынан айтады. Жақында декреттік демалыстан шыққан 31 жастағы келіншектің артында аңыраған жолдасы мен екі қызы қалды. Балалардың үлкені 3 жаста, ал кенжесі әлі емізулі екен.
Берікжан Перенов, марқұмның қайнысы:
- Мама қане, мамам дейді. Тауып бере алмаймыз ғой енді, қалай жауап береміз. Қайдан тауып береміз мамасын. Қалай айтасың енді мамаң жоқ деп. Енді ғана жұмысқа шыққан кезі еді. Бір ай болған еді осы Фабричныйда жұмыс істеп жүргеніне. Соғып кеткен балаларды көрдім кеше. Алдында отыр, рахаттанып. Қасында отырған бала 20 жасар, жүргізуші куәлігі жоқ төлқұжаты түгілі.
Айдын күннің аманында жақынынан айырылған туысқандары марқұмды бүгін жер қойнына тапсырды. Қаралы отбасы кінәлілер заң бойынша жазаланғанын қалайды. Ал қайғылы оқиғадан соң Мыңбаев және Қасымбек ауылының халқы өре түрегелді. Тұрғындардың айтуынша, қос ауылдың тұсындағы жаяу жүргіншілер жолы алты жылдан бері «өлім жолына» айналыпты. Тіпті, бір апта бұрын осы жерден өтпек болған жап-жас мұғалім қызды көлік қағып кетіп қаза тапқан.
Ермек Жақыпбеков, Қасымбек ауылының тұрғыны:
- Оның алдында Мыңбаев ауылынан кетіп бара жатқан жас келіншек пен баланы қағып кетті. Олар да мерт болды. Бұл жақта не тәртіп сақшылары жоқ және жол ережесі бойынша жаяулар өтпесі деген белгі екі жүз метр алдында тұру керек. Ол жоқ бұл жерде. Жылдамдықты шектеу деген де жоқ.
Алмагүл Нұрбақова, Қасымбек ауылының тұрғыны:
-Сақшылар қуыс-қуысқа тұрып алып ақша алғанша тұрсын мына жолда. Жеті сайын адам өледі. Бір жетіде адамды қағып кетеді, бір жеті жатып шығады. Бір жеті тағы қағады, ол өледі. Сөйтіп өле бере ме?
Қауіпті жолақтың зардабын тартқандар талай мәрте әкімдікке шағымданып, тас жол бойында жер үсті өткелін салып беруді өтініпті. Бірақ, сөзбұйдаға түскен уәде сол күйі орындалмаған. Ал, жергілікті шенеуніктер өткелдің құрылысы биыл ғана басталғанын айтып ақталады. Оның жұмысына республикалық бюджеттен 180 миллион теңге бөлініпті.
Абзал Нұрпейісов, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
- Жол үсті көпірдің құрылысы қазір жүріп жатыр. Осы 2022 жылдың қараша айында аяқталады. Одан кейін ауыл тұрғындары сұрады, жылдамдықты өлшейтін, машинаға айыппұл келетін камера қойып берсеңіздер дейді. Ол сауалды мен жазып алдым. Республикалық жол болғаннан кейін ҚазАвтоЖолға шығамын және облыстық ПД-не хатпен шығып жақын арада қойып береміз.
Алайда, шенеуніктерге жан-жақтан тап берген тұрғындар көпір құрылысын жеделдетуді талап етеді. Өйткені, қара жол қарашаға дейін қанша адамның өмірін жалмайтынын білмейміз дейді ашынған жұрт. Сол себепті қос ауылдың тұрғындары жол бойында қой сойып, құран бағыштап жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!