{metadescription}
Шымкент тұрғындары әкім отырған залға басып кірді  
Шымкент тұрғындары әкім отырған залға басып кірді  

Шымкент тұрғындары әкім отырған залға басып кірді  

Шымкент қаласының әкімдігі тұтас бір шағын ауданның жерін  жекеменшік құрылыс компаниясына беріп жібермекші. Мыңдаған тұрғыны бар Тұран мөлтек ауданын сүріп тастау үшін тіпті қаланың бас жоспарын өзгертпекші екен.

Ал, мұны кездейсоқ біліп қалған жұрт қаланың бас сәулетшісіне барыпты. Бірақ ол баспаналарыңды бұзамыз деп шорт кескен. Сондықтан қара шаңырағымызды қиратып, жерімізді тартып алмақшы деген тұрғындар бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновті қыспаққа алды.

Тұран шағын ауданына алғашқы тұрғындар 15 жыл бұрын қоныстана бастаған. 2016 жылғы қаланың бас жоспары бойынша жер үйлер түседі деп бекітілген соң жұрт жаппай баспана сала бастаған. Бірақ, бірер күн бұрын Шымкенттің сәулет-құрылыс басқармасының әлеуметтік желідегі парақшасына Тұрандағы жер үйлер сүріледі деген ақпарат шығыпты. Осыны естіген халық қаланың бас сәулетшісіне барған. Шенеунік бұл жер жекеменшік құрылыс компаниясына берілетінін ашық айтыпты.

Бауыржан Сәметай, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Осы 192-ші кварталдан бері қарай үйлердің бәрі бұзылады. Екі көшенің оң жақ, сол жағының бәрі бұзылады. 6-шы сектор, 3-ші сектор бұзылады дейді.Әр әкім келсе өз жоспарын енгізеді. Әрқайсысы өзінің білгенін істеп жатыр. Бұл жерде халыққа көшені, суды, газды әкеп берген кезде коммерциялық нысандарға өте тиімді болып тұр.

Ал, тұрғындар болса баспаналарын бұзуға қарсы. Тіпті қомақты өтемақы берсе де үйімізден көшпейміз деп отыр.

Жандос Шалқарбаев, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Тірнектеп ақша жинадық. Жер учаскесін алдық. Және қаншама жылдар бойы осы үйді салдық. Енді бала-шағамызбен тұрып жатқан кезде үкімет бірден бас жоспарды өзгертіп алпауыт компанияларға осыншама халықты шырылдатып қойып, жерлерді бере сала ма?  

Жалпы Тұранға инфрақұрылымның келгеніне екі жылдың ғана жүзі болған екен. Оған дейін тұрғындар жарықты өздері тартып, су мен жолды да жылдар бойы өздері жүргізгенін айтады.

Қалдыкүл Жаңабаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Қандай болып салдық осы тамды. Белуардан лай кештік. Көшеден су тасып алып, кредит дегеніңіз басымызда мынадан тұр. Күнде соттап жібере ме, құртып жібере ме деп отырмыз. Енді тамдарымыздан айрылсақ сонда бұл қандай жағдай болады, дұрыс емес бұл істеп жатқандарыңыз. Бермейміз!

Бермейміз деген Тұран тұрғындары жаппай әкімдікке барған. Бірақ, әкімдіктен табылмаған қала басшысын өзге шарадан кездестірді. Алғашында орынбасарлары мен өзге шенеуніктердің сабырға шақырғанын місе тұтпаған жұрт әкім отырған залға басып кіріп, қатаң талап қойды.

 

Сіз өзіңіз мына жердегі халыққа 2016 жылы бекітілген бас жоспардың өзгермейтініне кепілдік бере аласыз ба еркек ретінде?

Халықтың ортасына микрофон ұстап кірген әкім болса Шымкентте халық саны миллионнан тез асады деп ойламағанбыз деп ақталды. Сондықтан, Тұрандағы жер үйлердің орнына көпқабатты үйлер салу арқылы баспана мәселесін шешу жоспары болғанын жасырмайды. Алайда, тұрғындар наразы болса елмен ақылдаса шешеміз деп құтылды.

- Бас жоспар бәрібір жасалады. Ол ұсыныс ретінде. Оны қолдайтын қала тұрғындары. Егерде сол қағазбен қалу керекта ол, сөзбен емес. Бәріміз бекітеміз. Осыдан біз қазір әлі дайын емес қой, шілдеде кездесеміз ба, қыркүйекте кездесеміз ба, дайын кезде оны ашып презентация жасаймыз. Қолдаса қолдады, қолдамаса қолдамайды.

Десе де, тұрандықтар қала басшысының сөзіне илана қойған жоқ. Әкімнің сөзін уақыт ұту немесе сөзбен тыныштандыру болуы мүмкін деген тұрғындар енді петиция жариялап, жоғары жақтан көмек сұрамақшы.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде