Көкшетау: Азық-түлік дүкеніне у шашып кетті
Көкшетаудағы ең ірі көтерме сауда орталығына жасалған дезинфекциядан тарақан ғана емес адамдар да улана жаздады. Азық түлік сататын нысанда жәндіктерге қарсы дәрі шашқан «Дезинфекция Көкшетау» серіктестігі жұмысшыларының әрекеті жұрттың жағасын ұстатты.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
02.03.2022
Олар сөреде тізіліп тұрған тұтыну тауарларына қарамастан, ғимарат ішін арнайы құрылғымен улап шыққан. Осыны көрген тұрғындар бұл жерден азық-түлік алуға жүрексініп отыр.
Сауда орталығында көбейіп кеткен тарақандардың көзін жоюға дезинфекторлар жексенбі күні келіпті. Бұл кезде сатушылар үйлеріне қайтып, тек дүңгіршек иелері қалыпты. Зиянкестер басып кеткен бұл нысан бұған дейін де талай залалсыздандырылған. Бірақ, осы жолы сауда үйіне әкелген дауысы зор термогенераторды көріп зәрелері ұшқан.
Светлана Никонорова, сатушы:
- Әрине, бұл дұрыс емес. Иісі сұмдық болды, үстімізге сіңіп кетті.Ашық тұрған тамақ та сіңірген шығар.Жауып қойған целлофандар ұшып жатты. Анау жақта біреу ауырып қалды. Жедел жәрдем дәрігерлері жүгіріп өткенін көрдім. Иә, тарақан көбейіп кетті деп жатқан.Өзім жәндік көрмедім.
Бұл бейнежазбаны көрген жұрт мұндағы азық түлікке күдікпен қарап жүр. Бірақ, үйреншікті сауда үйі болғандықтан тұтынушылар азаймаған сияқты. Ал сауда үйінің басшысы арнайы лицензиясы бар серіктестікпен келісім шарт жасалып, ай сайын залалсыздандыру жасалады дейді.
Дмитрий Игнатьев, «BOTAY DEVELOPMENT»АҚ директоры:
- Дезинфекциялық компанияның жұмысы ол. Заттарды жерден көтеру, жабуды солар ескертіп жұмыс істеуі керек. Азық түлік жабық па жоқ па қарамай ма? Біз маман емеспіз. Технологиясын солар біледі.
Бота Әлиева, «Дезинфекция Көкшетау»ЖШС директорының орынбасары:
- Осы жолы тарақандар көбейіп кетті,жәндіктер көбейіп кетті деген өтінім түсті. Біздің шаруамыз дайын тұрған дүңгіршектерді келіп өзіміздің жұмысымызды істеуіміз керек. Біз біреудің нәрсесін,тауарын қозғай алмаймыз.
Дезинфекторлар шашқан химиялық қоспаның адам денсаулығына зияны бар екен. Санитар мамандар бұл дәрі қауіптілігі жағынан 3 санатта екенін айтады.
- Сауда орталығында тарақан улаған дәрінің жағымсыз иісі әлі де мүңкіп тұр.Саудагерлер сезсе де сезбегендей. Өйткені, азық түлік сататын олар жұмыс орындарын мүлдем жауып қоя алмайды.Осы оқиғадан кейін бірден санитар дәрігерлер санитарлық гигиеналық сараптама жасау үшін 5 түрлі тағамнан сынама алған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!