Украинадан тағы бір топ отандасымыз оралды
Осы қақтығыс ошағынан тағы 130-дан аса қазақстандық елге оралды. Отандастарымыз мінген үшінші ұшақ таң ата Нұр-Сұлтан әуежайына қонды. Әуе кемесі бұл жолы да Польшаның Катовице қаласынан келді.
Автор: Әзиза Төленби
04.03.2022
Қақтығыс алаңынан келгендерді жерлестері мен туыстары күтіп алды. Дегенмен, Украинада қалған қазақстандықтар әлі де бар. Оларды қауіпсіз аймаққа жинау жүріп жатыр.
Наурыздың 3-нен 4-не қараған түнде Қазақстан жеріне аяқ басқан жолаушылар ішінде 20 бала бар. Борт кемесіне үлгермей қалған адамдардың орнына, екі қырғыз азаматы отырғызылыпты. Олардың дені ресми Киевке қыдырып немесе демалуға барып, қиын жағдайда қалған.
- Жақсы ұшып келдік. Қазақстан тарапы барлық жағдайды жасады. Мен Украинаға қонаққа барғам.
Қазір Украинадан шығатын шекарада 20 сағаттап күтетін дүрбелең басылыпты. Өйткені, Венгрия, Словакия, Молдова, Румыния сияқты мемлекеттер арқылы жасыл дәліз ашылған. Қазақстан елшілігінде 5 адам, Польшада тағы 40 шақты отандасымыз келесі эвакуациялық ұшақты күтіп отыр. Мұны бізге өкілетті елші мәлімдеді. Бүгінде Украина аумағында қалған 127 қазақстандықты қауіпсіз бір аймаққа жинау жүріп жатыр. Елшілік қазақ диаспорасына да көмек көрсетуге дайын.
Дархан Қалетаев, Қазақстанның Украинадағы және Молдова республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Біздің алға қойып отырған мақсатымыз бір-екі күнде қалаларда жатыр екіден-үштен азаматтарымыз. Солармен байланыс жасап, солардың жағдайларын біліп, шыға алмай жатқан жағдайлар бар, қалай шығарамыз деген оймен ойласып отырмыз. Одан басқа Қазақ Диаспорасымен де жұмыс істеп жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер мына Еуропа елдері Украина азаматтарына жақсы жағдай жасап жатыр. Біздің диаспорадағылардың көбі Украина азаматтары. Соларға мүмкіндік бар Еуропаға шығуға. Бірақ Қазақстанға барамыз дегендерге де біз қол ұшымызды беріп, көмек жасауға дайынбыз.
Украинада соғысқа дейін 80-ге жуық елшілік болса, қазір солардың тек Қазақстан елшілігімен қосқанда, 10-ы ғана қалған. Қалетаевтың қарамағындағы өкілдік осы күнге дейін 400-ден аса отандасымызды елге жіберіп үлгерді. Одан бөлек, шекарада қалып қойған жүк көліктерінің аман-есен шығуына көмектесті. Ал, орталық және шығыс аймақтарда тұрып қалған 27 көлікті шығарып алу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр.
Самат Ғилымов, Көлік комитетінің төрағасы:
- Гуманитарлық дәліз ашамыз деген ақпарат тарады. Соған байланысты, біздің сол жақта қалып қойған жүк көлік жүргізушілеріне біздер ортақ чат арқылы, біздің елшілік арқылы жұмыстарын ұйымдастырып, бағыттарын беріп отырмыз. Сол бағыт бойынша жақын арада соғыстан тыс дәліз ашылған жерлерден біздің көліктерімізді Польша территориясы, сосын Беларусь және Молдова арқылы елімізге қайтарамыз деген үмітіміз бар.
Қақтығыс басталған алғашқы күндерде Украина шекарасынан қазақстандық 56 жүк көлігі өте алмай қалған еді. Отандық нөмірмен болса да, жүргізушілердің дені біздің елдің азаматтары емес. Дегенмен оларға қолдау көрсетіліп жатыр. Жақын күндері мәселе шешіледі. Осы күндері Латвия да өз порттары арқылы қазақстандық жүктерді қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
- Ал шиеленістер басталмай тұрып, Украина аумағына кірген жүк вагондарының қазір қайда тұрғаны ешкім білмейді. Өйткені вагондар қатынасын реттейтін электронды жүйе істен шыққан. Олар газ, мұнай, мұнай өнімдері, ауылшаруашылық, құрылысқа керек- жарақ таситын вагондар екен. Енді жауапты мекеме оларға көмектесуге бар күшін салып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!