АЭС-тегі өрт сөндірілді
Украинадағы Запарожье атом электр станциясынан шыққан өрт сөндірілді. Бұл жайында осы елдің Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі хабарлады.
Автор: Елдос Есенбол
04.03.2022
Ал жалынның тұтануына әуеден жасалған соққы себеп. Тек шабуылды ресми Мәскеу мен Киев бір бірінен көріп жатыр. Егер жарылыс болған жағдайда апаттың Чернобыльдан 10 есе жойқын болуы және бұл әлем үшін оразан қатер әкелуі мүмкін болған.
Украина мен Ресей келіссөзді бастағанымен, екінші раундта да атыс-шабысты тотатуға уағдаласа алмады. Тек тараптар тұрғындарды қауіпсіз аймаққа шығару үшін кей жерлерде ұрыс амалдарын бәсеңдетуге ғана келіскен. Сондай-ақ, қақтығыс аймақтарына гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік, дәрі-дәрмек жіберілмек. Еске салайық, екі ел арасындағы қарулы қақтығыс өткен аптада басталған. Ресейлік тараптың таратқан ақпаратына сүйенсек, содан бері 500-ге жуық ресейлік сарбаз қаза тауып, 1597-сі жараланған. Бейбіт тұрғындарға қатысты деректі Біріккен ұлттар ұйымы жариялады. Олардың дерегінше, 249 бейбіт тұрғын көз жұмып, 553-і жарақат алған. Ал бір миллионға жуық адам Украинадан бас сауғалап қашыпты. Әзірге екі ел арасындағы келіссөздің үшінші кезеңі күтілуде. Оның нақты уақыты бірер күнде айтылуы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!