Елімізде доллар тағы қымбаттады
Доллар бағамы тағы рекорд жаңартты. Бүгін АҚШ ақшасы қор биржасында 499,2 теңгеге қымбаттады. Бұл ресми баға ғана.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
04.03.2022
Ақша айырбастау орындарында 15 теңгеге қымбат сатылып жатыр. Ал, Ресей рублі керісінше, 4 теңге 80 тиынға дейін түсті.
Күн сайын емес, сағат сайын құбылып жатқан көк қағаздың орташа бағамы кеше 493 теңгедей болған. Бүгін КАСЕ-дегі саудада 500 теңгеге таяды. Айырбастау пункттеріндегі баға әлдеқайда қымбат. Елорда мен Алматы қаласындағы валюта айырбастау пунктерінде бір доллар 515 теңгеден сатылып жатыр. Сатып алу құны 508-510 теңге аралығында. Кейбір валюта айырбастау бекеттері доллар сатуды уақытша тоқтатқан. Сол себепті, ұзын-сонар кезекке тұрған халық та жоқ. Жұрттың теңгенің дәл осылай құнсыздануына еттері үйренгендей. Төл ақшамыздың тағдырын Ресей рублі де қайталап жатыр. Бүгінде оны айырбастау пунктері 4,6 теңгеден сатып алуда. Ал, Ұлттық банк теңгенің тағдырына қатысты ешбір болжамын айтқан жоқ. Бірақ, интервенция жасап, ұлттық валютаның құнсызданудан сақтауға барлық күштерін салып жатыр. Бірінші наурыздағы Ұлттық банк төрағасының дерегі бойынша, валюталық интервенцияға 270 миллион доллар жұмсалған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!