863 миллионға су құбыры тартылған ауыл шөлдеп отыр – Түркістан облысы
Түркістан облысында мемлекеттің миллиондарына ауыз су тартылған ауыл шөлдеп отыр. Отырар ауданындағы Көксарай елдімекеніне екі жыл бұрын 863 миллион теңгеге ұңғыма қазылып құбыр жүргізілген.
Автор: Бек Әбиев
09.03.2022
Бірақ 500-ден астам түтіні бар ауылға су толық жетпепті.
Аудан әкімдігі Көксарай ауыз сумен толық қамтылды деп жоғарыға есеп берген. Таза суға зар болған тұрғындармен КТК тілшісі тілдесіп келді. Көксарай ауылында су жүйесі соңғы 50 жылда бес рет қазылған екен. Екі жыл бұрын бюджеттен 863 миллион теңге бөлініп жаңа ұңғыма жасалған. Бірақ су шықпаған соң ауылдың басқа жерін тағы қазып көріпті. Одан шыққан судың қысымы тым төмен дейді тұрғындар. Соған қарамастан аудан басшылары Көксарай ауылы ауыз сумен толық қамтылды деп ел алдында өтірік есеп берген.
Хайрулла Аймырзаев, Көксарай ауылының тұрғыны:
- Таза су ішіп отырғанымыз туралы 2021 жылдың 22-қаңтар күні «Отырар алқабы» деген аудандық газетке шыққан екен. Тайға таңба басқанбай жазылған. «Көксарай ауылы ауыз сумен толық қамтамасыз етілді, 24 сағат таза, мөлдір, адам денсаулығына зияны жоқ су ішіп отыр» деген ақпарат газетте бар. Ал шын мәнінде ол кезде сол су қазылып жатқан, су ішпек түгілі.
Ал ескі мен жаңа ұңғыманың суы ауылдағы 50-ге тарта үйге ғана жетеді екен. Оның өзі күніне бір-екі сағат қана. Қалған 450 отбасы ауыз суды шалғайдан тасып ішеді. Құдығы бар көршілерінен сұрап та шөл басып отыр.
Көксарай ауылында су тапшы болған соң ешкім егін екпейді. Ал тұрғындар ауласына құдық қазып алған. Бірақ арнайы сүзгісіз бұл су тым ащы әрі дәмі кермек тартады. Амалы жоқ жұрт адамына да, малына да осы суды беруге мәжбүр.
Жалпы 30 метрден шығып жатқан құдық суы да, мың метр тереңдіктегі ұңғымадан шыққан суды да тұрғындар зертханаға апарғанда зиян екенін айтыпты. Тіпті сүзгіден өткізілген суды көргенде ашындық деп отыр ауылдықтар.
Әбутәліп Ертаев, Көксарай ауылының тұрғыны:
- Шамасы келгендер қойып жатыр, 10-15 пайызы фильтрді сатып алып. Ол 420 мыңдай тұрады екен. Ал ол жердегі суды көргенде көзің емес, жүрегің емес, мына жағың ашиды. Көзіңді жұмып аласың, көре алмайсың, ана фильтрде не барын. Ал енді бізге ағызып берсінші, сонымен жағымыз қарысып отырайық.
Жұрт талап еткен соң Көксарайға аудан орталығынан жеткен шенеуніктер келе сала тұрғындармен ұрсысып кетті. Ұңғыманы қазуға тапсырыс беріп әрі шала жұмысты қабылдап алған басшы біресе «су мол болады деген есебіміз дұрыс болмады» десе, біресе ,су жеткілікті, деп шатасты. Ақырында «тегін суға жаман үйренген халық суға ақша төлегісі келмейді» деп ақталды.
Асылхан Құдайбергенов, Отырар ауданы ТКШ бөлімінің басшысы:
- Тұрғындар төлейміз бәріне дейді. Бізге таза су берсе дейді. Міне, осы уәде болса, мен ертеңнен бастап бергіземін. Міне, уәде болса. Таза суды қанша керек, сонша сағатқа ыдыста тұрады, қысыммен барып тұрады, кез келген уақытта ашқанда.
- Демек, сіздің қолыңызда тұр, бермей отырсыз ба сонда?
- Жоқ, ана жағын реттесе болды. тетігін дұрыстаса болды.
Шенеуніктер бұдан былай ауыз су тапшылығы болмайды деп сендірді. Бірақ ел алдында да, жоғарыға да жалған есеп беретін басшылардан халықтың көңілі қалған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!