Brent маркалы мұнайдың баррелі бүгін 130 доллардан асты
Теңге бағамына қара алтын құнының өскені де әсер ете алған жоқ. Brent маркалы мұнайдың баррелі бүгін 130 доллардан асты. Ал WTI маркалы мұнай 126 долларға жақындады. Мұнай бағасы соңғы 10 жыл ішінде бірінші рет осындай межеге жетіп отыр.
Автор: Мақсат Мәлік
09.03.2022
Ресейден энергия импортына салғанын кезекті санкциясынан кейін мұнай бағасы осылай аспандап шыға келді.
АҚШ президентінің мәлімдемесінде Ресейден мұнай, газ және көмір тасымалдауға шектеу қойылатыны айтылған. Бірақ санкциялардың Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы мұнай экспорттайтын елдерге қатысы жоқ. Мұны бүгін АҚШ қаржы министрлігі мәлемдеді. Яғни Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы тасымалдауға еш кедергі жоқ.
Отандық мұнайдың 80 пайызға жуығы осы құбыр арқылы экспортталады. Ал сарапшылар шектеудің қаншаға созылатыны қақтығыстың қалай шешілетініне байланысты дегеннен әріге аспайды. Бірақ экономистер әлемдік нарықта мұнай тапшылығы болмайды деп сендіреді.
Әкімжан Арупов, Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының директоры:
- Белгілі бір тапшылық байқалуы мүмкін. Бірақ мұнай көлемін реттеп отыратын ОПЕК елдері квотларды көбейте алады. Мұны алыпсатарлық деп түсіндіруге болады. Мұнай өндіруші корпорациялар күтпеген жағдайдан пайда тапқысы келеді. Ал Қазақстанға келсек, бағаның өсуінен тек пайда көреміз. Бюджеттік ережеге сәйкес, валюталық түсімнің бұл артық бөлігі түптеп келгенде алтын-валюта қорымызды толықтырады. Сонда мемлекет теңге-доллар деңгейін экономикамызға тиімді шектерде ұстай алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!