{metadescription}
Алматыдағы Президент резиденциясы қайта қалпына келтіріле ме?
Алматыдағы Президент резиденциясы қайта қалпына келтіріле ме?

Алматыдағы Президент резиденциясы қайта қалпына келтіріле ме?

Алматыдағы Президент резиденциясын сүруге жарты жыл уақыт кетуі мүмкін. Бүгін ғимаратты зерттеп қорытынды жасаған сарапшылар осындай болжамын айтты. Қазір нысанды қоқыстан тазарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Іс жүзінде резиденцияны қайта қалпына келтіруге болады. Бірақ ондай шешімді сарапшылар неге құптамайды? Себебін білуге тілшіміз тырысты.

Сақтық шарасын сақтап резиденция аумағына аяқ аттап басқаннан ыстың иісі қолқаны қабады. Қаңыраған ғимарат қаңтардың қасіретті күндерін еріксіз қайта санада жаңғыртады. Осында 15 жыл бойы жұмыс істеген Сұлтанбай Танкеев тарихи нысанның түгі қалмай күлі қалғанына әлі сене алар емес.

Сұлтанбай Танкеев, Техникалық қолдау басқармасының қызметкері:

- Мынадан кейін қиын жағдай. Қазір жұмыс табу да оңай емес. Мысалы маған зейнетке шығуға бір жарым жыл қалды. Осындай жағдай болып жатыр. Бұл өте қиын болды. Небір осы жерде бұрын істеген қыздарымыз, жігіттеріміз жылады ғой, бірінші көрген кезде.

Ғимараттың ішін қоқыстан тазалау жұмысы әлі жалғасып жатыр. Жаппай тәртіпсіздік кезінде осында басып кіргендер техникалардың бірсыпырасын үптеп үлгерген. Көзге түскен бүтін қалған тізіліп тұрған люстралар ғана. Барлық жиһаз да жарамсыз күйде. Құнды заттардан 27 картина ғана аман қалыпты.

Ермек Бейсенбинов, Алматыдағы Президент резиденциясының директоры:

Бүлінбей қалған картиналардың бір бөлігін сақтап қалдық. Қастеев мұражайының мамандары енді олардың қандай күйде екенін анықтап, өз тоқтамын айтады. Кейбіреулерін қайта қалпына келтіру қажет. Ал ғимараттағы инженерлік жүйе өрт салдарынан толығымен істен шығып, жарамсыз күйге түскен.

Төрт қабатты ғимараттың көлемі 19 мың шаршы метр. Оттың қатты жанғаны соншалық, тіптен кейбір жерде температура 500 градусқа дейін жеткен көрінеді.

Ғимараттың шатырын ұстап тұрған техникалық қабат. Шыны керек, бұл жермен жүру өте қауіпті. Өйткені аяқтың астындағы темірлердің бәрі майысып кеткен. Ал төменге көз тастасаңыз, үлкен алаңқай бір кездері ең маңызды жиындар өтетін конференция залы болған. Өрттің қатты болғаны соншалық, темірлердің өзі тойтарыс бере алмай майысып кеткен.

Резиденцияның техникалық жағдайын екі ай бойына Көпсалалы қайта құру және дамыту институты жіті тексеріпті. Нәтижесінде «сүру қажет» деген қорытындыға келген.

Жұмағұл Нұғыжынов, Қазақстандық көпсалалы қайта құру және дамыту институтының директоры:

- Жиһаз, техника секілді заттар жанғандықтан температура өте жоғары болған. Темір құрылымдардың өзі майысып, жарамай қалды десе де болады. Плиталар жарылып кеткен. Оларды қайта қолдануға келмейді. Іштегі бағаналар сақталғанымен, ондағы арматулардың уақыт өте майысып кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан, сүру қажет деген шешімге келдік.

Сарапшылар ғимаратты қайта қалпына келтіруге болады деген пікірмен де келіседі. Бірақ оған жұмсалатын ақша жаңа бір резиденциясының ақшасына тең деген пікірде. Сондықтан босқа шығындалуды жөн көрмейтіндей. Нысанды сүруге шамамен жарты жыл уақыт кететінін айтқанмен, ал ол жұмысты жүргізуге бөлінетін қаржы көлемі әзірге белгісіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

29 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде