Шапкенов: Елімізге Ресейден мигранттар келіп жатқан жоқ, алайда ...
«Ресейлік жұмысшылар Қазақстан нарығын жаулап алады» деген алып-қашпа әңгімелерді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жоққа шығарды. Министр Серік Шапкеновтің айтуынша, әзірге елімізге Ресейден мигранттар келіп жатқан жоқ. Алайда, жағдай лезде өзгеруі мүмкін.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
10.03.2022
Мұндай қорқыныш Ресейге Батыстан санкциялар салынғаннан кейін пайда болыпты. Мұндағы шетелдік кәсіпорындар өндірісін тоқтатты, қызметкерлерін қысқартып жатыр. Соның кесірінен бұл елден қарапайым жұмысшыларды айтпағанда, білікті мамандардың кету қаупі туындаған.
Айтып өтерлігі, ресейліктер Қазақстандағы шетелдік жұмысшыларға бөлінген квотаны иемдене алмайды. Бірақ Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Қазақстан экономикалық одаққа мүше болғандықтан, осы елдердің азаматтары үшін ешқандай шектеу, кедергі жоқ. Яғни қазақстандықтар Ресейде, ресейліктер елімізде еркін жұмыс істей алады. Ал көрші елден жұмыс күші ағылған жағдайда, ең алдымен, отандастарымыздың жұмысқа орналасуы бірінші кезекте болады дейді еңбек министрі.
Серік Шәпкенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Опер-штаб бар. Экономикалық жағдайды қарап отырмыз. Қажет болса, біз шаралар қабылдауымыз мүмкін. Бірінші кезекте қазақстандықтарға жұмыс тауып беруге дайынбыз. 2025 жылға дейін 2 миллионнан астам жұмыс орындары құрылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!