Air Astana Ресей аумағына және Қазақстанға ұшатын рейстерді тоқтатты
Air Astana компаниясы Ресей аумағына қатынайтын және Қазақстанға ұшып келетін барлық әуе рейстерін тоқтатты. Отандық ірі әуе тасымалдаушы компания бұл шешімді геосаяси ахуалға байланысты қабылдағанын жеткізді. Ал осы бағытта билет сатып алып қойған жолаушыларға ақшасы толық қайтарылады.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
11.03.2022
Тілек Әбдірахимов, Air Astana әуе компаниясының менеджері:
- Қазіргі кезде әуе компаниясы Үкімет басшылығымен келіссөз жүргізіп жатыр. Осы сұрақтарды шешу үшін және рейстерді қалпына келтіру үшін. Орындалмаған және орындалмайтын рейстердің жолаушыларына әуе компаниясы билет сатып алған жерінен билет құнын қайтарады. Бұл геосаяси және санкцияларға байланысты.
Air Astana компаниясы екі ел арасындағы әуе қатынасы қашан жанданатыны белгісіз деп отыр. Ал «Росавиация» екі күн бұрын халықаралық рейстерге қойылған шектеуді бүгін алып тастады. Енді ресейлік әуе компанияларының ұшақтары әуе қатынасы туралы екіжақты үкіметаралық келісімдер негізінде Әзербайжан, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Иранға қатынай алады. Әзірге қазақстандық әуе компанияларының арасынан Ресейге «Скат» пен Qazaq Air жолаушы тасымалдауды жалғастыра бермек. Ал өзге елдердің әуе компаниялары осы сәтті пайдаланып республикамыздан солтүстіктегі көршімізге ұшатын билет бағасын бірден қымбаттатып жіберген. Ұшу ұзақтығы әуе дәліздерінің өзгеруіне байланысты 3 сағаттан 33 сағатқа дейін ұзарды.
Салтанат Томпиева, ҚР Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұл мәселені шешу үшін министрлік тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатыр. Басты мақсатымыз Ресей Федерациясына ұшатын және елге ұшып келетін рейстерді жандандыру. Қазір Қазақстан мен Ресей арасында Skat әуе компаниясы жолаушылар тасымалдауда. 15-наурыздан бастап осы әуе компаниясы Ресейге қатынайтын рейс санын көбейтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!