Батыс өңірді қар басып, жолаушыларды құтқарып жатыр
Еліміздің батыс өңірін қар басты. Оған қатты жел қосылып, дала борап тұр. Соның салдарынан көптеген тас жол жабылып, сапарға шығып кеткендердің біразын қар құрсауынан құтқаруға тура келіп жатыр. Соңғы тәулікте Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысының құтқарушылары қарға батқан ондаған көлікті шығарды.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
11.03.2022
Жолашуылардың арасында балалар да бар.
Руслан Сахиев Ақтөбе облыы ТЖД басқарма басшысы:
- Қазіргі уақытта жабық жолдардағы барлық техника елдімекендер ішінде кемпингтерде орналасқан. Жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне қауіп жоқ. Казгидромет болжамы бойныша осындай ауа райы 11-12 наурыз күндері сақталады.
Ақтөбе облысында ескертулерді елемегендер көп. Боранға қарамастан жолға шыққан ондаған көлік қарға батып қалған.
Байғанин ауданында 40 машина қар құрсауында тұралап, 57 адамды ақ ұлпаның арасынан аршып алуға тура келген. Олардың арасында екі бала бар.
Хромтауда 8 көлік қарға тығылып қалған. Осыған ұқсас жағдай Батыс Қазақстанда да болды. Мұнда тас жол атаулының бәрі жабық. Жергілікті әуежайдағы рейстер де кейініге шегеріліп жатыр. Ресеймен шекаралас Тасқала ауданында да жағдай қиын. Онда көптеген жүк көліктері тұралап тұр.
Орал қаласының коммуналдық мекемесі қармен алысып есі шығып жатыр. Синоптиктердің айтуынша, соңғы күндері жауған қардың көлемі әдеттегіден үш есе көп. Қатты боран үш күн бойы соғып тұр. Ертең де басылатын түрі жоқ дейді мамандар.
Рауан Кайырғалиев, БҚО ТЖД басқарма басшысы:
- БҚО ТЖД облыс тұрғындары мен қонақтарын алдағы сапарларын жоспарлап, жолға аса қажеттіліксіз шықпауларын сұрайды. Шыққан жағдайда жылдамдық режимін сақтап, өзінің және жақындарының денсаулығына қарауын сұраймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!