20 миллиард! Оператор РОП-тың бұрынғы бас директоры қамауға алынды
20 миллиардтан аса теңгені жымқырған! Осындай күдікпен атышулы "Оператор РОП" компаниясының бұрынғы бас директоры Светлана Коротенкаға қатысты тергеу басталды. Ол утилиьалым көлемін әдейі көтеріп, сол арқылы қалтасын қампайтқан дейді антикор тергеушілері.
Автор: Елдос Есенбол
11.03.2022
Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Оператор РОП» ЖШС бұрынғы бас директорына қатысты 2016-2021 жылдар аралығында көлік құралдарын кәдеге жаратудың жоғары құнын белгілеу арқылы кәсіпорынның 20 млрд.теңгеден астам сомадағы ақшалай қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. «Оператор РОП" бұрынғы бас директоры соттың санкциясымен қамауға алынды.
Светлана Коротенко 2016-2019 жылдар арасында "Оператор РОП" жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарған. Кейін орнын Медет Құмарғалиевке босатып, өзі бақылаушы кеңестің құрамына ауысыпты.
Еске салайық, бұған дейін дәл осы компанияның басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев шетел аспақ болғанда қолына кісен салынған. Онымен бірге экология министрінің бұрынғы орынбасары Ахметжан Пірімқұлов та қамауда отыр. Аталған екі азамат та ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікке іліккен еді.
Ал «Оператор РОП» ЖШС-нің тағы бір өкілі Руслан Шәмшиев компанияға қатысты дау-дамай басталғанда өз-өзіне қол жұмсап бақилық болды. Бұл жекеменшік компания қазір утильалым жинаумен айналыспайды. Оның құзіреті мемлекеттің "Жасыл даму" компаниясына өткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!