Ауа райы: Солтүстікте көліктер жолда қалып, жол апатына да ұшыраған
Солтүстікте қыстың қаһары қайтпай тұр. Төпелеп жауған қар ақ түтек боранға ұласып, жұртты әуре-сарсаңға салып жатыр. Соңғы екі күнде жолдар жабылып, ескертуді елемей алыс сапарға шыққан жүздеген көлік жолда қалды. Ауа райының күрт бұзылуынан жол апатына ұшырағандар да бар.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
14.03.2022
Әсіресе Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында табиғат тосын мінез танытуда.
Боранды күні жол тарс жабылып орта жолда қалғандар. Жұрттың қауіпсіздігі үшін көлігін көлденең қойған полицияға «жолымды бөгеме» деп қоқан- лоққы көрсеткендер көп болған. Тіпті кейбірі апатқа душар болсам, жауапты өз мойныма аламын деп тепсінген.
Бұл күні жолдың 38 учаскесі жабылған. Бірақ тәртіп сақшыларына ерегескен жүргізушілер жылыну бекеттерінен бас тартып, таң атқанша далада тұрыпты.
Қанат Доспаев, Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- Ауа райының қолайсыздығынан 11республикалық, 27 облыстық маңызы бар жолдар жабылды. Дауыл ескертуіне қарамастан, діттеген жеріне жетуге асыққан 2 мыңдай көлік жолда қаңтарылып тұрды. 230 адамды жылы жерге орналастырдық. Бірақ жолды ашуды талап еткендер болды. Бәрі бірдей қауіпсіздік шарасы екенін түсінгісі келмейді.
Бүгін де өңірде таңертеңнен қар жауды. Ақ ұлпа үп еткен жел соқса, ақтүтек боранға ұласуы ғажап емес. Құтқарушылар наурызда әлі де қатты жел тұрып, ауа райы құбылмалы болуы әбден мүмкін дейді. Сондықтан жолаушылар дауыл ескертуіне құлақ түргені абзал.
Қарағанды облысында да демалыс күндері тоқтаусыз қар жауып, арты боранға ұласты. Ақтүтек салдарынан қаладан шығатын жолдардың барлығын жабуға тура келген. Күн бұзылмай жолға шығып кеткендері боран басылғанша кептелісте тұралады. Қарлы боранда дала түгілі, қаланың ішінде жол апаты жиіледі. Ақтүтекте Шахтинск қаласына бара жатқан жолаушылар автобусы жолдан шығып кеткен. Көктайғақ салдарынан қарсы бағытқа шығып соқтығысқандар да жетерлік.
Бақытжан Құдияров Қарағанды облысы ІІД баспасөз хатшысы:
- Ауа райының күрт өзгеруі, сонымен қатар жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асыруы, жол жүру ережелерін сақтамауының салдарынан демалыс күндері Қарағанды қаласында 30 жол көлік оқиғасы тіркеліп, алты адам әртүрлі дене жарақатын алды.
Петропавлда жылымық ауа райы бірден қатты аязға ұласты. Жолдар көктайғаққа айналып, тұрғындардың жүріп-тұруы қиындай түсті. Әсіресе шатырдан аққан тамшылар қатып, мұз сүңгілер қауіп төндірді. Қазір полиция инспекторлары тұрғын үйлер мен жеке мекемелерді аралап, шатырларын мұздан тазарту керектігін ескертіп жүр.
Кеше ғана алып сүңгі сол маңда тұрған автокөлікке құлаған. Абырой болғанда көлік ішінде адам болмаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!