Министр: Дүкеннен қантты сыпырып кету – бағасының өсуіне сеп болады
Даурығудың қажеті жоқ. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов шекер тапшылығына алаңдаған ағайынға осылай басу айтты. Дүкен сөрелерінен қантты сыпырып кетіп жатқандардың әрекеті бағаның негізсіз көтерілуіне сеп болады дейді министр.
Автор: Елдос Есенбол
15.03.2022
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Адамдардың жаппай қант сатып алуынан оның бағасы көтерілгені рас. Оны тек қағаз жүзіндегі деректен ғана емес, дүкендерді аралап көзіммен де көрдім. Үш айға жеткілікті қант қоры бар дедік. Бірақ бұл үш айдан кейін шекер таусылып қалып біз қол қусырып отырамыз деген сөз емес қой. Қазір қорды толықтырудың амалын жасап жатырмыз.
Сұлтановтың қорды толықтырудың амалы дегені шекараның ар жағынан келетін 250 мың тонна шикізат. Осынша көлемдегі құрғақ қантты өзге елдерден баж салығынсыз алдыруға мемлекеттің мүмкіндігі бар екен. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, біздегі қанттың 60 пайызы дайын күйде Ресей мен Беларусьтан келеді. Қырық пайыздық отандық өндірістің тең жартысынан астамы да шеттен келетін шикізатқа тәуелді. Қазір ел бойынша қант өңдейтін төрт зауыт жұмыс істеп тұр. Алдағы бес жылда ішкі өндірісті күшейтуді қолға алдық дейді Ауыл шаруашылығы министрі.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Азық-түлік тәуелсіздігі бойынша бізде қазір енді 40-50 пайыз болса өз-өзімізді қамтып отырған кезде бізде бес жылдың ішінде сол деңгейді 80 пайызға дейін көтерейін деп отырмыз. Ұлттық жоспарда бар нәрсе. Қазір біз 60-70 пайыз қантымызды Ресей Федерациясы мен Беларусьтан алып келеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!