Мариуполь қаласындағы 18 отандасымызбен әлі байланыс жоқ
Украинаның Мариуполь қаласында қалған 18 отандасымызбен әлі байланыс жоқ. Сыртқы істер министрлігі сол аумақта электр қуаты мен телефон байланысының өшуіне байланысты хабарласа алмай отыр. Бүгін репатриациялық рейспен эвакуацияланған қазақстандықтардың тағы бір легі Алматыға жетті.
Автор: Асқарбек Қазанғап
15.03.2022
Польшаның Катовице қаласынан Алматыға бет алған осымен бесінші эвакуациялық ұшақ келіп қонды. Ішінде 89 Қазақстан азаматы бар. Осы күндер аралығында туысының амандығын үреймен тілеген жақындарының бүгінгі әуежайдағы көңіл-күйлері көтеріңкі. Қуанышында шек жоқ.
Тілеу ақсақал мен Балғын әже ұшақтан түскендердің арасынан шөбересін торуылдап тағатсыздана күтіп тұр. Немерелері үш жыл бұрын Украинаға келін боп түскен. Жағдай тұрақталғанша, баланың амандығы үшін олар уақытша елге қайтуға бел буыпты.
Тілеу Жақсылық:
- Шөбереміз екі жаста, немереміз жиырма сегізде, сонда тұрмысқа шыққан, Днепрода тұрады. Елшілік көмектесіп, соның арқасында келе жатыр.
Бұл қауышудың ыстық көз жасы. Елге оралғандардың бірі толқығаннан сөйлеуге селқостық танытса, екіншілері аптыққан көңілмен алғысын жаудырып жатыр.
Бүгінгі рейспен келгендерді қоса есептегенде Украинадан Қазақстанға 587 азаматымыз оралып үлгерді. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қазір Катовице қаласында және Украина-Польша шекарасын кесіп өту үшін кезекте тұрған қазақстандықтар жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!