{metadescription}
Әкімдердің құзіреті шектеліп, Мәслихат мәртебесі көтеріледі
Әкімдердің құзіреті шектеліп, Мәслихат мәртебесі көтеріледі

Әкімдердің құзіреті шектеліп, Мәслихат мәртебесі көтеріледі

Енді облыс әкімдері өңірдегі партия филиалдарына төрағалық ете алмайды. Суперпрезиденттік жүйенің өкілеттілігімен қоса әкімдердің де құзіретін шектеуді мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында айтты. Есесіне, Мәслихаттың мәртебесі көтерілмек.

Енді жергілікті депутаттар құптамайынша, өңір басшылары жұмысқа кіріспейтін болады. Бұл ретте Мәслихат төрағасы лауазымы да енгізіледі. Ал облыс әкімдері аппаратын қысқартуы тиіс.

Мәслихаттардың құрылғанына 30 жылдай болды. Дегенмен олардың жұмысы бәсеңдеп қалса керек, мемлекет басшысы осы жолдауында ерекше көңіл бөлді. Билікке деген сенім төменгі сатыдан басталатынын қайталаған Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдік жанындағы Мәслихаттардың құзырын кеңейтуді тапсырды. Енді Мәслихат депутаттарының өз өңіріне әкім таңдауға құқы бар.    

Ол үшін облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тағайындау тәртібін де өзгерту қажет. Өңір басшысын қызметінен алып тастарда президент рұқсат сұрамаса да, тағайындарда мәслихат депутаттарымен санасады. Олар мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім береді немесе келісім бермейді. Бұл Мәслихаттың құзіретін кеңейткен бірінші жаңалық. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бұл  өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Бірақ, мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады.

Екінші өзгеріс: Мәслихаттағы бірінші лауазымға байланысты. Осыған дейін өңірлік Мәслихаттарда төраға болмаған. Олардың қызметін хатшылар атқарып келген. Енді Мәслихат төрағасы деген лауазым пайда болады. Бірақ ол үйреншікті облыс әкімі емес. Керісінше, өңір басшылары бұдан шеттетілмек. Оған қоса орынбасарлар саны да қысқартуы керек.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

— Қазіргі таңда барлық облыста бес орынбасардан. Менде де сондай. Тапсырма берілді, әрине қысқартамыз. Облыстың әкімі тек қана бір ғана партиямен жұмыс істемейді ғой. Ол бүкіл сол облыста тұрған халықтармен, сол облыстағы құрылған партиялармен жұмыс істеу керек. Жұмы істейді де, қазіргі заңда. 

Президент қолға алған тағы бір реформа — аралас сайлау үлгісі. Ол енді Мәжілісте ғана емес, Мәслихатта да қолданылады. Яғни ешқандай партияға тіркелмеген қоғам белсендісі  сайлауға түсіп депутат атана алады.

Ерлан Смайылов, Мәжіліс депутаты:

Әр ауданның өз мәслихаты бар. Жергілікті аумақтарда өмір жалғасып жатыр. Сондықтан жергілікті билік органдарын, мәслихаттарды күшейту өте маңызды. Олардың өкілеті кеңейіп, басқа деңгейдегі құзыреттерге ие болады. Саяси күшейе түскен мәслихаттар жергілікті жердегі өмір сапасын жақсартады. Бұл қазақстандықтардың өмірін жақсартуға тікелей әсер ете алады.

Президент Мәслихаттардың құзіретін кеңейту арқылы жергілікті атқарушы биліктің салмағын күшейтпек. Қала, аудан, ауылдың орталыққа телмірмей, жеке дара дамығанын құп көреді. Сондықтан ешкімді бөгемей, қолынан іс келетін азаматтарға қызмет ұсынып, жауапкершілік арту керек деп есептейді мемлекет басшысы.

Осыған дейін елімізде 3 маңызды қала мен 14 облыс бар еді. Бүгіннен бастап оның қатарына 3 облыс қосылды. Демек жақын күндері жаңа өзгерістер орын алады. Аумақтар бөлінеді, Мәслихат депутаттары сайланады. Одан кейін ғана жаңа әкім тағайындалатын болады. Жаңа Қазақстандағы реформалардың ешқайсынан Мәслихаттар шеткері қалмауы тиіс. Өйткені бұрын соңды болмаған саяси бетбұрыстар өңірлерден басталмақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде