Қапшағайлықтар қаланың ендігі дамуын қалай қабылдады?
Алматы облысы екіге бөлінетін болды. Жетісу облысы құрылып, оның орталығы Талдықорған болып қала береді. Ал Алматы облысының орталығына айналған Қапшағай қаласына енді жауапкершіліктің жүгі артады. Халық қолдаса, оның атын мемлекет басшысы Қонаев деп ауыстыруды ұсынды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
16.03.2022
Қазір ойынханалар мен демалыс орындарының орталығы болған моноқаланың ендігі дамуын тұрғындары қалай қабылдады?
Бүгін Алматы облысы екіге бөлінген тарихи күн. Талдықорған Жетісу облысының орталығы болып отауын бөлек тігеді. Ал, Қапшағай облыс орталығына айналады дегенді хабарды, әсіресе Алматы төңірегіндегі аудан басшылары ерекше қуанышпен қабылдады. Осыған дейін қит етсе есеп беру үшін Талдықорғанға шабылатын атқамінерлер енді табан тоздырмайды.
Қапшағайлықтардың көңіл күйі көтеріңкі. Бар-жоғы 60 мың халқы бар қала облыс орталығына айналады деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген болар. Тұрғындардың әңгіме ауанына қарағанда, енді жастардың іргедегі Алматыға сабылмай, осы жақтың көсегесін көгертуін, өндіріс ошақтарының көбеюін қалайды.
- Көбінесе жастар Алматыға барып жұмыс істейді, одан басқа мен кемшілікті көріп тұрған жоқпын
- Жақсы, Үкіметтің жұмыстары ашылса деймін, мысалы дәрігерлік, басқа да зауыттар ашылуын қалаймын
Қапшағай десе көпшіліктің көз алдына түнде шамдары жарқыраған казинолар елестейді. Кезінде ойынханаларды Алматыдан осы жаққа көшірген еді. Енді олардың жайы не болары әзірге белгісіз. Әкімдік берген соңғы статистика бойынша қазір 15 казиноның тек 9-ы жұмыс істеп тұр.
Нұрлан Құматаев, Қапшағай қаласының әкімі:
- Арнайы комиссия келіп оның бәрін тағайындап, анықтайды. Ол ойын бизнесі қала ма, қалмай ма? Алдында енді президенттің жарлығымен Қапшағай қаласы арнайы бизнес ойындарына арналған қала болатын. Енді мен ойлаймын, қалатын шығар деп.
Ойын бизнесінің қалуы қала қазынасына тиімді. Өйткені бюджеттің сүбелі үлесін солардың есебінен толығады.
Ал Жолдаудан соң журналистер жаудырған сұрақ астында қалған Қанат Бозымбаев әзірге ешнәрсені кесіп айта алмайды. Облыстың екіге жарылуы ол үшін де күтпеген жаңалық болды.
Енді осы өңірдегі бақандай 17 ауданды екі облысқа бөлу мәселесі тұр. Талдықорған мен Қапшағай қалаларына облыс орталығы мәртебесі берілсе, ал қала дәрежесі бар Текелі Жетісу облысының аумағына өтуі ықтимал.
Қапшағай атауы Қазақстан картасында 1970 жылы пайда болды. Қаланың іргетасын Дінмұхамед Қонаев қалаған еді. Бүгін өз Жолдауында мемлекет басшысы көрнекті қайраткердің есімін осы шаһарға беру бастамасын қолдайтынын айтты. Енді қоғамдық талқылау мен комиссиялар отырысынан соң Қапшағай Қонаев қаласына айналуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!