Қанттың қымбаттағанын күтіп, әдейі сатқызбай сақтап қойған
Қант бағасының көтерілуіне тез тараған қауесет себеп. Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин осылай деп отыр. Кей кәсіпкерлерге елдің осы әрекеті оң жамбасына келсе керек. Бірақ тапшылықты қолдан жасап қалтасын қампайтқандардың тапқан-таянғаны монополиялық табыс ретінде мемлекетке қайтарылады.
Автор: Елдос Есенбол
17.03.2022
Алаяқтығы үшін арқалайтын айыппұлы тағы бар. Агенттік төрағасы жеңіл жолмен ақша тапқысы келгендерді осындай жаза күтіп тұрғанын тағы бір мәрте ескертті. Көңілге күдік ұялтақан тағы бір сұрақ қанттың неге уақтылы супермаркет сөрелеріне жеткізілмегені. Осы іс бойынша монополияға қарсы қызмет тергеу жұмыстарын бастаған. Өйткені расында бірнеше күн бұрынғы «шекер жетіспей жатыр» деген әңгіме бүтін елге жайылған еді. Соның салдарынан Ақтөбеде қант төрт есеге қымбаттаса, Петропавлда адам басына бір келіден артық сатпады. Ал қанттың келісі 700 теңгеге дейін шарықтап кетті.
Семейде де тура осындай баға байқалған. Бәсекелестікті қорғау агенттігі енді баға көтерілгенін күтіп, әдейі қант жеткізбеген зауыттарды да жазаламақ.
Серік Жұманғарин, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Қантқа байланысты жұрттың даурығуы қауесет әңгіменің салдары. Қазір біздің Алматы департаменті Ақтөбемен бірігіп нарықты бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бір қант зауытына қатысты тергеу жүруде. Нақты қайсы екенін ашып айта алмаймын. Кәсіпкерлер әдейі баға көтерілгенін күтіп, бар қантты сатпай қойған. Бұл барып тұрған алаяқтық. Егер кінәлары дәлелденсе, мұндай әрекетке барғандар жазасыз қалмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!