Елтайлықтар зиянды зауыт салуға қарсы шықты – Алматы облысы
Зияны көп зауытқа жол жоқ. Алматы облысында тұрғындар осылай қарсылық білдірді. Олардың айтуынша, бірнеше ауыл ортасында шойын балқытатын зауыт бой көтереді екен. Ауаға түрлі улы қалдық тарап орны толмас экологиялық апат келеді деп шағымданғандар құрылыс бастағандардың рұқсат құжаты да жоғын айтады.
Автор: Мақсат Мәлік
17.03.2022
Ал ауыл ішіндегі құрылыстың шойын құятын зауыт екенін растаған жергілікті шенеуніктер дер кезінде не себепті тоқтау салынбағанын айта алмай қиналды.
Елтай ауылы округін дүрліктірген құрылыс былтыр басталыпты. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде шойын құятын зауыт бой көтеріп жатыр. Алайда ашулы жұрт басқа жер таппағандай, бірнеше ауылдың ортасынан іргетасы қаланған зауытқа түбегейлі қарсы. Өндірістің түтіні будақтаса, ауаға улы қалдық тарайды деген қараша денсаулықтарына алаңдайды.
Құмартай Молдақапасов, Елтай ауылының тұрғыны:
- Азын аулақ жерде он шақты ауыл бармыз. Тап солардың ортасына әкеліп зауыт салып жатыр дегеннен кейін шығып жатырмыз. Адамның денсаулығына зиян, малға да, өсімдіктерге де зиян. Сондықтан жан-жақтағы ауылдар түгел қарсы шығып жатыр. Индустрия аймағы бар, басқа жерге салуға болады ғой.
Айгүл Қалиақпарова, Елтай ауылының тұрғыны:
- Егер бір тонна шойынды балқытып жасаса, ауаға 50 келі шаң шығады екен. 250 келі оксид титан, мырыш дей ме, барлығы ұшады екен. Біз өзіміз қаладан қашып келіп ауылдан үй салып жатырмыз. Улы газдан. Мысалы, менің денсаулығым жоқ, онкологияда есепте тұрамын. Сонда не үшін мен үйімнің қасынан зауыт салдыруым керек?!
«Адам өмірі бәрінен қымбат» деген тұрғындар зауыт құрылысын табиғатқа да жасалған қастандық деп есептейді. Өйткені оның тура іргесінде демалыс аймағы орналасқан. Кісі аяғы үзілмейтін көл жағалауы экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін дегендер, құрылыс бастаған кәсіпкерлердің заңды құжаты жоғын айтады.
Дауд Местоев, демалыс аймағының жетекшісі:
- Жақында облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасына арыз жаздық. Мамандар осы айдың басында тексеру жүргізіп, құрылыстың заңсыз екенін анықтады. Хаттамада олардың ешбір рұқсат құжаты жоқтығы жазылған. Бұлар шаруа қожалығы мақсатындағы жер телімін өндірістік база деп нысаналы мақсатын өзгертіп алған. Жер кодексі бойынша бұлай істеуге болмайды.
Ал жергілікті билік өкілдері ауыл ішіндегі құрылыстың шойын балқытатын зауыт екенін білеміз дейді. «Неге дер кезінде құрылысқа тоқтау болмады?» деген сұраққа жауап таппай қиналған шенеуніктер халықтың талабы орынды деп құтылды.
Біржан Махатов, Елтай ауылдық округінің әкімі:
- Экологиялық тұрғыдан қаншалықты заңды десек, заңдылығы сақталмаған. Біріншіден, халық көп тұратын жерде. Және қазір оның құрылысын тоқтатуға жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі таңда құжат пен хат жаздық. Олар қазір айыппұл салмақшы.
Ал құрылысты бастаған кәсіпкер жауапты басқарма айыппұл салғанын растайды. Бірақ құжатты әзірлеу кезінде қаңтар оқиғасына тап келіп кешеуілдеп қалдық деген кәсіпкер зауыт туралы әңгімені жоққа шығарды.
Мұхит Қарсыбаев, жеке кәсіпкер:
- Шойын балқыту зауытына бұл жер кішкентай. Бұл жер негізі бір гектар ғана жер. Бұл жер жөндеу зауыты болады. Металл құрастырылымы, көрсеңіздер, кран,бөрене, дәнекерлеу цех болады. Ондай ауқымды зауытты мына жерге сала алмайсың.
Алайда кәсіпкердің уәжін көзбайлау деп есептейтін тұрғындар құрылысты түбегейлі тоқтатуды талап етеді. Тіпті, ауыл жұртының шенеуніктерге де сенгісі жоқ. Сол себепті жағдай жақын арада реттелмесе, өзге де құзырлы органдарға шағымданады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары