«Жабайы Арман»: Арман Жұмагелдиевтің қамалуы бір айға ұзартылды
«Жабайы Арман» деген лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевті қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға ұзартылды. Оған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар және заңсыз қару-жарақ сақтады деген айыптар тағылған. Қылмыс әлемінің серкесі қазір Ұлттық қауіпсіздік департаментінің тергеу абақтысында отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
18.03.2022
Қаңтар оқиғасында Жұмагелдиев пен қылмыстық топтың алты мүшесі арнайы операция кезінде Алматыдағы қонақүйде ұсталған болатын. Тінткен кезде олардан түрлі маркалы атыс қаруы, жарылғыш заттар, оқ-дәрі мен брондалған көлік тәркіленген.
Бас прокуратураның мәліметінше, "Жабайы Арманның" жақтастары дүрбелең кезінде көшеде кетіп бара жатқан 24 адамды ұрлап, күштеп ұстаған. Тіпті оларды ұрып-соққан. Құзырлы орган ауыр соққыдан бір адамның қаза тапқанын да мәлімдеген. Арман Жұмагелдиев бұрындары бұзақылық, қару-жарақты заңсыз сақтау, денсаулыққа қасақана зиян келтіру баптары бойынша істі болған.
Сондай-ақ "Аса ірі мөлшерде есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, сақтау және тасымалдау бабымен үш жыл бас бостандығынан да айрылған. Темір торда ол мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбай, жазасына тағы 5 жыл қосылған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!