Эпидахуал: Ashyq. QR –код. Бетперде. Вакцина. ПТР-тест
Ashyq жүйесі жеңілдетілді, бірақ толықтай емес. Бүгін санитар дәрігерлер бизнес нысандарға халық мобильді қосымшасыз кіргенімен, кәсіпкерлерге QR коды бар белгіні кіреберістерден алып тастамауды ұсынды.
Автор: Салтанат Шырынхан
18.03.2022
Өйткені қала мен өңірлер «қызыл» аймаққа қайта түскен жағдайда тағы да талап күшіне енуі ықтимал деп отыр. Дегенмен қазір еліміздегі барлық өңір ковид тарау қарқыны бойынша «жасыл» жолақта.
Ахуалдың айтарлықтай тұрақталғанын бүгін денсаулық сақтау министрі де хабарлады. Вирус жұқтырғандар саны ақпан айымен салыстырғанда 33 есе төмендеген.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бүгінде күніне орташа есеппен, шамамен 100 жағдай тіркеледі. Бұл жақсы нәтиже. Инфекциялық және реанимациялық төсектердің қамтылуы 8 пайыз. Соңғы айда емделіп жатқандар саны бес есеге төмендеді. Қазір 8350 науқас бар. Оның ішінде стационарда 670 ауру емделуде. Ал амбулаториялық деңгейде 7680 адам емделіп жатыр.
Қазір күн сайынғы көрсеткіштің төмендеуіне байланысты көптеген карантин шараларын да алып тастады. Мәселен, барлық бизнес обьектілеріне енді халық Ashyq қосымшасынсыз емін-еркін кіруіне мүмкіндігі бар.
Әлеуметтік қашықтықты сақтауға қойылған талап жойылып, міндетті термометриядан өтпеуге болады.
Вакцина салдырған туристер елге ПТР-тестсіз орала алады. Бұл талап жүкті әйелдерге де қатысты. Яғни сәби сүйгелі отырған ана мен жанына кіретін көмекшісіне аурудың жоғын көрсететін тест нәтижесінің болуы міндеттелмейді.
Бетперде тағу тәртібі өз күшінде. Шетелде алған ревакцина елімізде есептелмек. Бастысы, жұртта індеттен қорғайтын иммунитет болуға тиіс дейді министр.
Ведомство берген мәліметке сүйенсек, пандемия басталғалы коронавируспен күресуге мемлекеттік бюджеттен 2020 жылы 252 млрд теңге берілген. Былтыр ол сомма 556 млрд теңгені құраса, биыл 9 млрд теңге бөлініпті.
Ал дүниежүзілік банк өкпені желдету сынды аппараттар алуға бастапқыда 5 млрд теңге берген екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!