Наурыз мейрамы: Президент мемлекеттік наградалар табыстады
Марапат жауған күн. Ақордада бүгін Наурыз мейрамы қарсаңында президент мемлекеттік наградалар табыстады. Елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқандар қатарында еңбек ардагерлері, мәдениет және өнер қайраткерлері, әлеуметтік сала өкілдері, тіпті еріктілер мен күзетшіге дейін бар.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
18.03.2022
Еламан Байғозин:
- 2020 жылы елімізде болған Covid жағдайы бар, одан кейін қасіретті қаңтар бар. Жалпы сол бір елімізге түскен қиын-қыстау заманда халыққа жұбату айтып, постта тұрған әскери адамдарға азық-түлік тарату арқылы р қоғамға үлесімізді қосқанбыз. Соған байланысты қазір еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлынан «Шапағат» орденімен марапатталып жатырмыз.
Президент резиденциясына есімі бір-ақ сәтте елге танылған азаматтар да шақырылды. «Парасат» орденімен Бибігүл Дандығараева марапатталды. Алматыдағы мемлекеттік орталық музейдің директор орынбасары қаңтардағы бейберекетсіздік кезінде мұражайдағы құнды экпонаттарды бұзақылардан аман сақтап қалды. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ерлік көрсеткен алматылық белсенді Дамир Аманжолов та Президенттен «Құрмет» орденін алды.
«Отан», «Барыс», «Құрмет» ордендері ғалым, жазушы, депутаттар мен спортшыларға да берілді.
«Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары дәрежелі атағын Ілия Жақанов пен Төрегелді Шарманов иеленді.
«Шапағат» төсбелгісі еріктілерге, мұғалімдер мен кәсіпкерлерге табысталды.
Мемлекет басшысы бүгінгі жиынға қатысқан азаматтар жаңа Қазақстанды құруға атсалысады деген сенім білдірді. Аталмыш мемлекеттік наградалар бұған дейін Тәуелсіздік күні қарсаңында табысталып келді. Енді оны жыл сайын Наурыз мейрамында өткізу игі дәсүрге айналмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Әз Наурыз табиғатты түлетіп, тіршілікке нәр береді, жаңару мен жаңғыруға үндейді. Мен күні кеше ғана халыққа Жолдауымды жариялап, Жаңа Қазақстанды құруға жол ашатын маңызды бастамалар ұсындым. Мұның бәрі елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың заңды жалғасы. Біздің мақсатымыз тиімді мемлекет және әділ қоғам құру. Сондай-ақ халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!