Алматыда 5 адамды өлтірген Дужновтың алдын ала сот тыңдалымы өтті
Сегіз секундта 9 рет оқ атылған. Алматыда бес бірдей адамды жайратып салған Игорь Дужновтың ісі бойынша алдын ала соттың тыңдалымы өтті. Сотта прокурор айыптау актісін оқып, қанды оқиғаның жай-жапсарын жария етті.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
18.03.2022
Тергеу мәліметінше, үйін босатқысы келмеген күдікті қылмысқа жоспарлы түрде барған. Күллі елді елең еткізген жантүршігерлік оқиға өткен жылдың қыркүйек айында болған. Дужновқа «кісі өлтіру» және «билік өкіліне шабуыл жасау» баптары бойынша айыптар тағылған.
Онлайн өткен сотта прокурор Игорь Дужнов 2014 жылы Луганскідегі қарулы қақтығысқа өз еркімен барып, барлау тобында қызмет еткенін растады. Сондықтан әскери дайындықтан өткен күдіктіге қару қолдану таңсық емес дейді айыптаушы.
Тергеуде белгілі болған дерекке сүйенсек, Дужнов үйін босатуды талап етуге келгендерге екі сағат бойы есік ашпай, сол уақытта аңшы мылтығын оқтаумен әуре болған. Соттың қаулысын орындауға бес адам ішкі кірген соң, Дужнов қаруын сарайдан алып шығып, алдымен сот орындаушыны атып, кейіннен учаскелік полиция қызметкерлерін ажал құштырған. Сосын үйдің жаңа қожайыны мен оның досын жайратып салған. Тіпті ол қақпа сыртында тұрған тәртіп сақшылары мен жаңа қожайынның туысына да оқ жаудырыпты. Алайда әріптестерін күтіп тұрған полиция қызметкерлері қырғын салған Дужновты қолға түсірген. Жалпы «Вепрь» карабинінен он оқ атылған. Оған тағылған айып бойынша өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Дегенмен Дужнов істі алқабилер сотының қарауынан бас тартты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!