Батпаққа батқан Алматы облысының тұрғындары шу шығарды
Батпаққа батқан Алматы облысының тұрғындары бүгін әкімдіктің алдына жиналып наразылық білдірді. Шу шығарған қараша бірнеше жылдан бері жол азабын тартып келеді. Олар әкімдік табалдырығын талай тоздырғанымен еш нәтиже шықпаған.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
24.03.2022
Қаскелең қаласының тұрғындары батпаққа шыланып толарсақтан саз кешіп жүргеніне 5-6 жыл болған. Жауған қар аралас жаңбырдан кейін мұндағы жолдар тіптен езіліп, жаяу адам түгіл көлікпен жүру мүмкін емес. Әкімдіктің құрғақ уәдесіне тойған халық өздері жолға құм төсеп, осы уақытқа дейін амалдап келгенін айтады.
Жол шалшық су, батпақ. Көліктер тоқтаусыз жүріп жатқан соң, тұрғындар осы жермен жүруге мәжбүр. Аяққа батпақ тимес үшін олар осындай арнайы целлофан киеді.
Бұдан бөлек, халық жарықтың азабын да тартып келеді. Осы жалғыз трансфарматор мектепті де, аурухананы да, бірнеше көшені де жарықпен қамтамасыз етеді. Ескі трансформатордың қуаты жетпей, тұрмыстық техникалар жиі күйіп кетеді екен. Осы мәселелерді плакатқа тізіп шыдамы таусылған тұрғындар бүгін аудан әкімдігінің алдына жиналды.
Әлібек Тойғанбаев, Қаскелең қаласының тұрғыны:
- Жолдан жүру мүмкін емес. Көліктің асты тиеді. Жаяу адамдар мүлдем өте алмайды. Жолды жауып тастаған өз еркімен. Соңғы төрт жыл бойы бұл жарықтың кернеуі мүлдем жоқ. Кір жуғыш, тоңазытқыш күйеді.
Дәулет Мәткерімұлы, Қаскелең қаласының тұрғыны:
- Біріншіден, балаларымыздың мектепке барып-келуі қиын. Аяғына пакет киеді, былғанбасын деп. Өткен кездесуде біз одан көмек сұрағанда мысқылдап, сайқымазаққа салып, күлкіге айналдырды. «Жүріңіз, біздің жағдайды көріңіз» деген кезде «ет асулы тұр ма?» деп ет армандады. Иә, әкім Асқар Мұқашев мырза. Оған видео айғақтар бар. Осы адамдардың барлығы өз құлағымен естіді. Бұл енді масқара, сұмдық!
Шулаған халықтың назын естуге шенділер де шықты. Алайда олар әдеттегідей уәде берумен ғана шектелуде. Жолға жауаптылар Бөктер, Мамыр көшелерінің күйін білсе де, жөндеу жобасын әлі әзірлемеген көрінеді.
Айбар Жақамбаев, Қарасай ауданы автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Біз былтыр да ол жаққа тексеру жасағанбыз. Ол көшені білеміз. Жолды жасауда бірінші жоба жасау керек. Жоба жасау алдында құжат дайындап өтініш береміз, ЖСҚ әзірлеуге. ЖСҚ жасалғаннан кейін барып жөндеу жұмыстарына қаражатқа тапсырыс береміз.
Тізеден келген тін батпақты өз көзімен көруге шақырғандарға: «Етің асулы тұр ма?» деген қала әкімі де ұлардай шулаған жұрттың алдына келді. Шенеунік бір аптаның ішінде шұрық жолдарды бітеп, шамдарды да орнатып береміз дейді.
Асқар Мұқашев, Қаскелең қаласының әкімі:
- Қиыршық тас төсеп бастағанбыз. Қаражатқа байланысты мейрамның алдында болып қалды. Енді мейрамнан кейін қалған жұмысты жалғастырамыз. Балшық болмайды. Шалшық су болмайды. Жиі-жиі кездесіп тұрамыз тұрғындармен. Наурызға шақырады. Сондай-сондай кездесулер, көше болып шақырып жатады, Наурызға. Онда жасыратын ештемесі жоқ.
Алайда тұрғындар әкімдіктің сылдыр сөзіне сенуден қалған. Жергілікті биліктен әбден күдер үзген халық бұл мәселе президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің құлағына шалынса деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!