Допинг: Нижат Рахимов апелляциялық шағым түсіруге мүдделі
Олимпиада алтынынан айырылған Нижат Рахимовқа қатысты Ауыр атлетика федерациясы мәлімдеме жасады. Допинг дауына іліккен спортшыға «қолдау білдіруге әзірміз» деген федерация өкілдері мұндай шешім күтпеген жағдай екенін айтады.
Автор: Мақсат Мәлік
24.03.2022
Санаулы күн бұрын спортшы допингке қарсы ережелерді бұзды деп айыпталып, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының алтын медалінен айырылған болатын.
Нижат Рахимов:
- Өкінішке қарай былтыр тамыз айындағы тыңдаулар кезінде аталған жағдайға қатысым жоқ екенін көрсететін дәлелдерімді арбитр қабылдамаған. Олардың тарапынан сынама алған және сол іске жауапты адамдардың әрекетіне баға берілмеген. Негізі сұрақтардың барлығы соларға және олардың жетекшілеріне қойылуы қажет. Сұрақ көп, жауап жоқ. Сондықтан мұндай шешіммен келіспеймін.
Спорттық төрелік сотының допингке қарсы департаменті шығарған шешіміне қарсы шыққан Нижат Рахимов апелляциялық шағым түсіруге мүдделі. Өйткені тыйым салынған әдісті қолданғаны үшін кінәлі деп танылған ауыр атлет Олимпиада чемпионы атағынан айырылып отыр. Оған қоса 2016 жылдың 15-наурызынан бастап оның барлық спорттық нәтижелерінің күші жойылады. Тіпті сегіз жылға спорттан шеттетілген.
Осы уақытқа дейін Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза және Зүлфия Чиншанло секілді отандық зілтеміршілер допингке қарсы тексеруден соң олимпиаданың алтын медалінен айырылған. Ал ауыр атлетика федерациясы допингтің кез келген көрінісіне қарсымыз дегенімен, Нижат Рахимовқа қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
ҚР Ауыр атлетика федерациясы:
- Бұл үкім бірінші инстанцияның шешімі болып табылады, тыңдау бір төрешінің қатысуымен Спорттық төрелік сотының допингке қарсы департаменті деңгейінде өтті. Алайда бұл жағдайда халықаралық федерация мен сол кезде допинг бақылауды жүзеге асырған органдарға да қатысты бірқатар сұрақтар бар. Федерация Спорттық төрелік сотының допингке қарсы департаментінің шешімін апелляцияға беруге және біздің спортшымызды қолдауға одан әрі көмек көрсетуге дайын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!