Теңгенің құны қайта көтеріліп келеді, себебі ...
Теңгенің құны қайта көтеріліп келеді. Ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы бүгін 495 теңге 43 тиынға жетті. Яғни бірден 10 теңгеге нығайды. Сарапшылар бұны АҚШ-тың қайта қаржыландыру мөлшерлемесін көтеруі, сондай-ақ Ресей рублінің нығаюымен байланыстырып отыр.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
24.03.2022
Әкімжан Арупов, экономист:
- Рубль аз-кем тұрақтанды. Ресей Федерациясының байланыс үзілген елдерге көмірсутекті жеткізуде рубльмен есеп айырысатыны туралы мәлімдемесі рубльдің нығаюына әкелді. Соған сәйкес ұлттық валютамыз белгілі бір қолдауға ие болғандай. Сонымен қоса санкциялық соғыстың ешкімге де жақсылық әкелмейтінін көріп отырмыз. Соның салдарынан АҚШ Федералды резервтік жүйемен бірігіп қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 15 пайызға көтерді. Бұл АҚШ экономикасына кері әсер етеді. Өйткені америкалықтарға экономика қымбаттырақ бола түспек.
Теңгенің арзандауына ішкі факторлардың да әсері бар. Мамандар қазіргі уақытта халық арасында доллар сатып алу дүрбелеңі саябырсығанын айтады. Сонымен бірге наурыз айының аяғында Қазақстандағы экспортпен айналысатын ірі компаниялар жылдық, бірінші тоқсандық есептерін тапсырады, салық төлейді екен. Ал салық Азаматтық кодекске сәйкес теңгемен қабылданады. Сол себепті ірі компаниялардың валюталық қорларын нарыққа шығаруы теңгенің нығаюына алып келіпті.
Доллардың теңгеге шаққандағы бағамы бір күнде 10 теңгеге төмендесе, бір айда 61 теңге 31 тиынға қымбаттаған. Айырбастау пунктері Америка валютасын 490-493 теңгеден сатып, 496-497 теңгеден сатып алып жатыр. Биржадағы рубльдің курсы жоғарылап, теңгеге шаққанда 5 рубль 19 тиынға жетті.
Жалпы валюта бағамы тікелей әлемдік нарықтағы мұнай бағасына да байланысты.
Ал қара алтынның құны өсіп жатыр. Brent маркалы мұнай баррелі Лондон биржасында 120 доллардан сатылып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!