Ақтүтек бораннан көлік қозғалысы қиындаған; төрт адам қаза тапты
Еліміздің бірқатар өңірінде ақтүтек бораннан көлік қозғалысы қиындады. Орталық аймақта бұрқасыннан қарға адым жер көрінбей көлік апаты жиілеген. Ақмола облысында үш жолаушы қаза тапса, Қарағандыда бір адам көз жұмды.
Автор: Жаңалық Ахаш
24.03.2022
Ал Ақтөбе облысында үш күн бұрын жоғалып кеткен шопан табылды.
Көрші ауылға жаяу шыққан ол боранда жолынан адасып, қыстақты паналап аман қалыпты
Ақмола облысы ақ түтек бораннан көз аша алмай жатыр. Үсті-үстіне қар жауып, ұйытқи соққан желден соңғы үш күн бойы көлік қозғалысы қиындады. Соған қарамай жолға шыққан автокөліктер апатқа ұшырап үш адам қаза тапқан – екеуі бала. Осындағы ауыл-аймақ долы дауылдан зардап шегіп жатыр. Желдің қатты болғаны соншалық, екі мыңға жуық тұрғыны бар Макинка ауылында су мұнарасы құлап қалған. Тұрғындар тіршілік нәрін тасып ішуде. Құтқарушылар алай-дүлей боранда қар құрсауында қалған 300-ден аса адамға көмек көрсеткен.
Қанат Доспаев, Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- Қазір республикалық маңызы бар Нұрсұлтан - Шідерті, Жезқазған -Петропавл және облысаралық тағы 5 учаске жабық. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жасалған шара. Дабылды ескертуді елемей жолға шығатындар азаймай отыр. Синоптиктер алдағы күндері де тұрақсыз ауа райы сақталатынын айтады.
Елорда да ауа райының қолайсыздығынан бір күнде 124 жол апаты тіркелген. Ең ірісі кеше түс кезінде Нұр-сұлтан мен Қосшы арасындағы тас жолда болды. Боранға қарамастан жүргізушілер жылдамдықты асырған. Соның кесірінен бәр сәтте 12 көлік жапырылып қалды.
Эльмира Шәуленова, Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Өткен тәулікте 124 жол-көлік оқиғасы болды. Кеше сағат 14-30-да Қосшы қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған тасжолда 12 көліктің қатысуымен жол апаты орын алды. Үш адам ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің қарауынан соң үйіне жіберілді. Бір адам ауруханаға жатқызылды.
Қарағандыда да қарға адым жерді көрсетпеген қарлы боран кесірінен қаладан шығатын барлық жол жабылды. Бұрқасын кезінде жол бойында бұл аймақта 22 көлік апаты болды. Үш адам зардап шегіп, бір жолаушы қаза тапты. Бір күн ішінде қар құрсауына қамалған көліктердегі 200-ге жуық адам жақын маңдағы ауылдарға жеткізілді.
Ерасыл Сайпаш, Қарағанды облысы ТЖД басқарма бастығының орынбасары:
- Қар, қатты жел, көру шектелуі 9 учаскесінде автокөліктің барлық түріне қозғалыс жабылды. Жезқазған - Петропавл учаскесі жабық күйінде қалып отыр. Қарағанды облысы аумағында дауылды ескерту жалғасуда. Өңірдің басым бөлігінде бұрқасын сақталады.
Боранға қарамай жолға шыққандар Ақтөбе облысында да құтқарылды. Бұл аймақта екі шопан боранда жоғалып кеткен. Біреуі мал қарауға шығып, сол күні табылса, екіншісі көрші ауылға жаяу бармақшы болған.
Нұрбек Оралбаев, Ақтөбе облысы ТЖД бас маманы:
- Қобда ауданындағы Сарбұлақ ауылынан шығып кеткен шопан. Үш күн жүріп Жаңатаң қыстағынан құтқарушылармен табылды. Денсаулығына кесірі тиген жоқ.
Еліміздің шығысында да боран басылмай тұр. Семейден Павлодар бағытына шығатын жолды тәртіп сақшылары жауып тастады. Синоптиктер күн райы ертең ашылады деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!