Министрлік балаға тәрбие беруді мықтап қолға алмақшы
Ұрпақ тәрбиесіндегі жаңашылдық. Білім және ғылым министрлігі тек оқу сапасына ғана емес, тәрбие процесіне де ерекше мән беретін болды. Ол үшін педагогика саласының білікті мамандары мен жастардың пікірі қабысқан арнайы жоба әзірленіп жатыр. Құжат дайын болғанда елдегі барлық білім беру ұйымдарына нұсқаулығы беріледі.
Автор: Елдос Есенбол
25.03.2022
Соңғы кездері мектеп мұғалімі мен оқушы арасындағы түсініспеушіліктің жиі қайталанатыны жасырын емес. Балабақшадағы тәрбиешілердің қатыгездігі көрсетілетін бейнежазбалар желілерде қызу талқыланып жүр. Осы мәселенің алдын алып, тәрбие процесінде тыңнан түрең салуға педагогтар мен жаңашыл жастар бас қосты. Мақсаты – елдегі білім беру ұйымдарына арнайы тұжырымдама әзірлеу. Бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында: «Барлық ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттардың ашық талқылануын қамтамасыз ету керек» деп айтқан еді.
Алина Хаматдинова, «Елбасы академиясы» атқарушы директоры:
- Егер әртүрлі мемлеттік, стратегиялық құжаттарда, ұлттық жобаларда халық сарапшыларының, сала жетекшілерінің тіпті қарапайым тұрғындардың пікірін ескермесе, бұл шын мәнінде ел үшін атқарылған жұмыс болмайды. Еш мәнісі жоқ құнсыз қағаз ғана болып қалады. Бүгінгі басқосудың айтары да сол. Яғни болашақ ұрпақ тәрбиесін талқылауда тәрбие процесінде бірнеше жылдық тәжірибесі бар мамандар мен креатив жастардың пікірін тыңдауды ұйғардық.
Жиында онлайн және офлайн спикерлердің де пікірі бір арнада тоғысты. Яғни тәрбие процесін реттемейінше, білім сапасын жақсартамын деу бос әуре.
Жауапты міндет жүктелген Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім орталағының сарапшылары да мұны жақсы түсінеді. Бірақ бұл төрт қабырғаның ішінде отырып бекіте салар құжат емес дейді олар. Жан-жақты пікірді қамту міндет, қажет болса жаңа заман ұрпағының да пікіріне құлақ асу керек.
Гүлмира Сманова, Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім орталығының сарапшысы
- Тек қана мектеп қабырғасы емес отбасы қабырғасындағы тәрбие мәселесі, қосымша білім берудегі тәрбие мәселесі, сондай-ақ қоғамдағы. Біздің қарым-қатынас тәрбиенің құрамдас бөлігі болып табылады. Ең ұнаған пікір қазіргі альфа-ұрпақтың үніне құлақ түру және осы зерттеудің негізінде ғана тәрбиенің тұжырмдамалық негіздерін әзірлеу.
Бағыт айқын болғанымен, тәрбие саласының маңызды құжатының нақты қай уақытта дайын болатыны әзірге белгісіз. Әлі де айтары бар ақылшы азаматтарды тыңдап, содан кейін ғана ой қорытып бір шешімге келеміз дейді ұлттық білім орталығының мамандары.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!