Рамазан айында кәсіпкерлер азық-түлік бағасын төмендетуі керек
Рамазан айында қазақстандық кәсіпкерлер азық-түлік бағасын төмендетуі керек. Өсімқорлықтың кез келген түріне шариғатта тыйым салынған. Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері кәсіпкер азаматтарға осындай үндеу жасап, жамағатты қасиетті айда көбірек сауапты амал жасауға шақырды.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
28.03.2022
Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:
- Кәсіпкер азаматтарды қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамын.Қасиетті айда көбірек сауапты амал жасауға асығайық. Сауабы еселеніп жазылатын айда есебі бір ізгі амалымыз қабыл болғай.
Биылғы Рамазан айында карантин тәртібі едәуір жеңілдетілген. Бес уақыт, тарауық намазын мешітте оқуға шектеу жоқ. Ауызашарды да кедергісіз өткізуге рұқсат. Ал медициналық бетперде кию мен арақашықтық сақтау әр адамның өз еркі. Былтырғыдай әр мешітте, сонымен қоса терминалдар мен банктік қосышалар арқылы пітір садақа салу жалғасады. Биыл оның құны бір адамға 500 теңге болып белгіленді. Баға әр өңірдегі ұнның орташа бағасымен есептеліпті.
Рамазан айы 2-сәуірде басталып 1-мамырда аяқталады. 27- сәуірден 28-іне қараған түн – қасиетті Қадір түні.
Отыз күндік Ораза кезінде коронавирусқа қарсы ревакцинация жасататын адамдар емдік шарадан бас тартпағаны жөн. Вакцина Оразаны бұзбайды.
Ершат Оңғаров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары:
- Оразаны қандай нәрселер бұзады деген сұрақ жиі қойылады. Құрамында нәрлі заттар бар укол алу да, ине қабылдау да Оразаны бұзады екен. Қоректік заты жоқ вакцина сияқты басқа да басқа емдік қасиеті бар инелерді қабылдауға болады. Ол Оразаны бұзбайды. Демек вакцина қабылдау Оразаны бұзбайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!