Үй іргесіндегі үлкен құрылыс тұрғындарға қауіп төндірді – Алматы
Іргемізден қазылған қазаншұңқыр өмірге қауіп төндірді. Алматыда элиталық ауданда тұратын тұрғындар осылай шу көтерді. Олардың айтуынша, былтыр үй іргесінен құрылыс басталып, аумағы ат шаптырым шұңқыр қазылған.
Автор: Мақсат Мәлік
28.03.2022
Бірақ еш қауіпсіздікті сақтамаған компания көп пәтерлі үйден тек бес метр жерден құрылыс бастап кетті дейді ашулы тұрғындар.
Қазір үйлерінің қабырғасына сызат түсіп, күн санап топырағы сырғыған шұңқырдан үйрейленген жұрт үйінді астында қаламыз ба деп қорқады. Ал жергілікті шенеуніктер осы күнге дейін бір-біріне сілтеп құтылып кетіп жүр.
Алматының элиталық ауданын мекен еткен тұрғындардың былтырдан бері берекесі қашқан. Айтуынша, өткен жазда әлдебір құрылыс компаниясы көп пәтерлі үйдің жанынан шұңқыр қаза бастайды. Алайда құрылысшылар өрескел қателік жіберді деген тұрғындар «баспанамыз қирап, далада қаламыз ба» деп үрейленеді. Өйткені жақында ғана үй іргесіндегі шұңқырда топырақ сырғып, жұрт тағы бір дүрліккен.
Батырбек Жақыпов:
- Жер қазатын техникалар келіп, осы жерді ойран-ботқасын шығарды. «Не істеп жатырсыңдар?» - деп сұрадым. «Бір геодезист жігіт бар, бұл жер соның жекеменшік жері» - деді. Одан кейін мына шұңқырды қаза берді, қаза берді, әуелі менің үйіме 50 метр қалды, одан кейін 20 метр қалды, одан кейін 5 метр қалды. «Не істеймін, бомбы лақтыру керек пе?» дедім. Тыңдамайды.
Айгүл Өтемісова:
- Қазір ауа райының қандай екенін білесіздер. Күнде жаңбыр жауып тұр. Күні ертең жердің бір бөлігі опырылып үйіміз құлап кетуі мүмкін. Оған қоса бұл таулы жер екенін ескеріңіз. Көп пәтерлі баспанамыз шұңқырға құлап түсе ме деп қорқамыз. Соңында баспанасыз қалуымыз ғажап емес. Оны бізге кім өтеп береді? О жағы белгісіз.
«Байтал түгіл бас қайғы» демекші, баспанасын уайымдаған жұрт жеке басының қауіпсіздігіне де алаңдайды. Үйлерінің қабырғасына сызат түскенін байқаған тұрғындар ішке кіруге қорқып қалған. Тіпті қала құрылысын бақылау басқармасына шағым түсіріпті. Жоспардан тыс тексеріс жүргізген шенеуніктер іргеде басталған құрылысты тоқтатып тастаған. Бірақ қазылған терең шұңқыр сол күйінде ашық тұр.
Руслан Килимов, Mountain Drive ТҮК мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
- Топырақты, оның құнарлы қабатын қалпына келтіру керек. Өйткені осы жердің бірнеше шаршы метрі тас төсеніш және көгалмен бірге шұңқырға түсіп кетті. Біз құрылыс жүргізген компанияға бірнеше рет хат жаздық. Әзірге еш жауап болмады. Өйткені тұрғын үй кешенінен материалдық залал келді. Шығын көлемін өтей ме, әлде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізе ме, соны білмей отырмыз.
Тұрғындар құрылыс бастауға кімнің рұқсат бергенін әлі күнге дейін білмей дал. Ал құрылыс компаниясы қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Десе де «тұрғындардың шағымы бақылауда» деген шенеуніктер тексеру барысында заңбұзушылық анықтадық дейді. Тіпті жобалық шешімдері жоқ жұмыс жобасы бойынша сараптаманың оң қорытындысын берген жекеменшік компания әкімшілік жауапқа тартылыпты.
Алматы қаласы құрылысын бақылау басқармасы:
- Жобаға сараптама беру кезінде заңбұзушылықтарға жол берілгені және жобада жер учаскесінің периметрі бойынша тіреу қабырғасы көзделмегені анықталды. Қазір Mountain Drive тұрғын үй кешенімен шектес учаскедегі қазаншұңқырдың қабырғаларын нығайту үшін мердігер компания қазаншұңқыр түбінің деңгейін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде.
Қатты үрейленген жұрт құрылысты түбегейлі тоқтатып, қазылған шұңқырды көміп тастауды талап етеді. Сол себепті талай табалдырықты тоздырған тұрғындар енді өзге де құзырлы орындарға шағымданбақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!