Соғысқа үндеп, сепартистік жазба жариялағандарға – қылмыстық жаза
Шетелдегі соғыстарға қатысуға үндеп немесе сепартистік жазба жариялаған қазақстандықтарды қылмыстық жаза күтіп тұр. Әлеуметтік желілерде ұлтаралық араздықты қоздыру, Ресейдің де, Украинаның да азаматтарының ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері бар қасақана арандатушылық мәлімдеменің жиілеуіне байланысты Бас прокуратура азаматтарымызға үндеу жариялады.
Автор: Елдос Есенбол
28.03.2022
- Қазақстан азаматының шет мемлекет аумағындағы соғыс қимылдарына қасақана құқыққа қайшы қатысуы, сол сияқты ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана ісәрекеттер, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, Қазақстанның тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуға жария түрде шақыру қылмыстық жазаланатын әрекеттер болып табылатынын (ҚК-нің 172, 174, 180-баптары) және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соқтыратынын түсіндіреміз.
Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, мемлекетке зиян келтіретіндей жалған ақпарат таратқандар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бас прокуратураның бұлай үндеу жариялауына Украина мен Ресей арасындағы жағдайдан бөлек, әлеуметтік желілерде кейбір қазақстандық пайдаланушылардың геосаяси ахуалға жария түрде түсіндірме бере отырып, оларға еліміздің аумағының тұтастығына қатысты сепаратистік үндеулерді орналастыруы да себеп болған.
Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаевтың сөзінше, бұндай қасақана әрекеттерге Қазақстан Конституциясында да, жалпыға танылған халықаралық-құқықтық құжаттарда да тыйым салынған.
Қадағалаушы орган кез келген құқық бұзушылықтарды жасаудан аулақ болуға, осындай арандатушылық сөздер мен шақыруларға жол бермеуге және олардың алдын алуға шақырады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!