{metadescription}
Толарсақтан саз кешкен қызылқайраттықтар жарыққа да жарымай отыр – Алматы облысы
Толарсақтан саз кешкен қызылқайраттықтар жарыққа да жарымай отыр – Алматы облысы

Толарсақтан саз кешкен қызылқайраттықтар жарыққа да жарымай отыр – Алматы облысы

Жел соқса жарығы сөнетін ауыл. Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Қызылқайрат ауылының тұрғындары 20 жылдан бері сығырайған жарықпен отыр. Төмен кернеуден тоңазытқыштан басқасын қоса алмайды. Көктем келісімен асфальті жоқ жол ми батпаққа айналады.

Әсіресе бұрыңғы әкімдердің «ауылды көріктендіріп кеттім» деген есебі жұрттың шымбайына тиді.

Алматы іргесіндегі 700 түтіні бар Қызылқайрат ауылының тұрғындары мұнда көшіп келгелі жолдың бейнетін тартуда. Жазда шаңға тұншықса, көктемде батпаққа батады. Жаяу адам аяқ алып жүре алмаса, көлігі де ойқыш жолдан қирайды екен. Сөздерінше, құжат бойынша жолдар жөндеуден өткен. Шынтуайтында келгенде бір метр жерге де асфальт төселмепті.

Әсет Кішуов, Қызылқайрат ауылының тұрғыны:

- Жаз бойы шаң-тозаң. Қыста батпақ. Балалардың аяқ киімі батпақта қалып, мектепке жалаңаяқ барған кездері болған. Табаны жыртылып. Аяқкиімге целлофан киіп шығамыз.

Толарсақтан саз кешкен жұрт жөнді жарыққа да жарымай отыр. Айтуларынша,ескі бағаналар тұрғанына 30 жылдан асқан. Үп еткен жел тұрса, бүтін бір ауыл жарықсыз қалады дейді. Ал қалыпты күндері жарықтың қуаты өте төмен болғандықтан үйлеріндегі тұрмыстық техникалар жарамсыз болған.

Омар Қаптағаев, Қызылқайрат ауылының тұрғыны:

- Бағаналар шіріп жатыр. Желі қысым көтермей жатыр. Кішкентай жел болса ауылымзда жарық сөнеді. Кешкі сағат алтыдан бастап теледидар көруге, үйдегі техникаларды қосуға да мүмкіндік жоқ. Ең төменгі қысым 150-ден 120-ға дейін түсіп кетеді.

Жергілікті халық әкімдікке сан мәрте шағымданып келсе де, әлі күнге дейін еш нәтиже шықпаған. Ал сайланғанына сегіз ай болған ауыл әкімі бұл мәселелерді айдан анық біледі дейді жұрт. Әкім осы жылдың аяғына дейін жолды толық жөндеп, жарықтың ретін келтіреміз деп сендірді.

Азамат Сейітов, Талғар ауданы Алатау ауыл округінің әкімі:

- Түгеліменен электр сымы ауыстырылады. 5 ТП орнатылады. 334 жарық шамдары орнатылады, көшенің бәріне. Көше толығымен жарықтанады. Орталық, Шаханов көшесінің аяғына дейін 1500 шаршы метріне биыл асфальт төселінеді. Қазір ауданда тендер ойнатылып жатыр. Сонымен қатар Қожабекова көшесіне 500 метрге бюджеттік өтініш беріп қойдық. Ақшаның бөлінуіне байланысты жылдың аяғына дейін көше салынады.

Жарықтың мәселесі биыл шешілмейтін көрінеді. Өйткені ауыл әкімі осы жылы желілерге сараптама жүргізіп мемлекеттен қаржы сұрамақшы. Алайда тіршілік тауқыметін тартып келе жатқан тұрғындар құрғақ уәдеге тойдыратын шенділерге сенбейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде