«Три»: Каннибал Николай Жұмағалиев қалай ұсталды?
Адам жегіш Николай Жұмағалиевті тәртіп сақшылары қалай құрықтады? Оны 31-наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрынан шығатын «Три» атты фильмінен біле аламыз. Туындыда тұтас Кеңес үкіметін үрей құшағында ұстаған қанышердің жаға ұстатар қылмыстары көрсетілген.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
30.03.2022
Тіпті авторлар жұртты дүр сілкіндірген істің ел біле бермейтін деректерін де туындыға қосқан. Фильмнің сценариі 80-жылдары болған жантүршігер оқиғаларға негізделген. Туындыда үш сюжет желіcі қарастырылады. Біріншісінде милицияның арнайы бөлімшесіне тәлім алуға келген Садықовтың өмірі көрсетілген. Жұмысқа кіріскен алғашқы күннен-ақ жас тергеуші қанды қылмыстарды ашумен айналысатын топқа ілесіп, бұрын-соңды көрмеген сұмдықтарға куә болады.
Асқар Ілясов, актер:
- Біріншіден, маған өте қызық тәжірибе. Өйткені Оңтүстік Кореядан келген топ. Мен басты рөлде ойнадым. Кейіпкердің аты Шер. Тергеуші болдым. Бір маньяктың ізіне түсіп, сол Шер деген адамның өмірі 180 градусқа айналды ғой.
Келесі бөлімдерінде өрімдей қыздардың жанын алып, қанын ішіп, етін жеген атышулы Николай Жұмағалиевтің қылмыстары көрсетілген. Тәртіп сақшылар үйін тінту кезінде бөлшектелген адамдардың мәйітін табады. Алайда қаныпезердің өзі қашып құтылған. Енді оны ұстау оңайға соқпайтын сыңайлы.
Жандос Айбасов, актер:
- Психикалық ауытқуы бар кейіпкерді ойнаймын. Ол әйелдерді өлтіріп етін жейді. Николайдың рөлі, негізі, қиын болды. Бірақ тек соның образын көшірдім деп айтпаймын. Маньяктың образына ену үшін бірнеше фильмдерді қарадым. Эмоционалды шаршау ғана болмаса, түсірілім жеңіл өтті.
Рөлдерін шебер сомдаған танымал ресейлік және отандық актерлер кинокартинаға тыңғылықты дайындалған. Фильм осыдан үш жыл бұрын Алматыда түсіріліп, бір жылдан кейін Пусандағы халықаралық кинофестивальде арнайы сыйлықпен марапатталды. Бюджеті жарты миллион доллар құрайтын триллер кореялық мамандармен бірлесе түсірілген.
Руслан Пак, фильмнің режиссері:
- Мен актерлердің бейнесіне қарап іріктеуден өткіздім. Олармен көрісіп, сөйлесіп, кімнің қандай образға сай келетініне байланысты таңдадым. Біз фильмді бір айдың ішінде 24 түсірілім күнінде бітірдік. Мұндай үлкен көлемдегі туындыға бұл өте аз уақыт. Себебі, түсірілім тобы үйлесімді жұмыс істеп, барлығы жеңіл түсірілді.
Қыз-қырқынға қырғидай тиген каннибалды тергеушілер қайдан тауып, қалай құрықтайды? Оны 31-науыздан бастап отандық триллерден көруге болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!