Елорда әуежайы қалыпты жұмысына оралды — Бораннан келген зардаптар
Арқадағы ақтүтек боранның кесірінен жабылған астананың әуежайы қалыпты жұмыс кестесіне бүгін ғана оралды. Дегенмен елорда арқылы үш бірдей республикалық жолға шығуға әлі рұқсат жоқ. Боран басылғанымен, жолды түгел тазалап шығу керек.
Автор: Әзиза Төленби
30.03.2022
Қарға адым жер көрінбейтін ақтүтек бораннан, елордада бір тәулікте 160 жол апаты тіркелген. Ал Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайы бірден 64 рейсті кейінге шегеруге мәжбүр болды. Кейбір үйлердің шатыры ұшып, ауладағы көліктерге дейін бүлінген. Секундында 28 метр жылдамдықпен соққан жел қоқыс контейнерлері түгілі адамдарды да ұшырып әкете жаздады. Бірнеше бағып бойынша жол қатынасы әлі ашылған жоқ.
Төтенше жағдайлар қызметі қар құрсауында қалған көліктерден 200 адамды құтқарды. Оның 56-сы бала. Тіпті астана маңындағы елдімекендерге қатынайтын автобустар да қозғалысын тоқтатты. Денсаулығына шағымданған 10 адам қалалық ауруханаға жүгінген.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, электр желілерінің зақымдануынан ел бойынша 70 мың абонент жарықсыз қалған.
112 нөміріне жіберілген хабарламаны көпшілік ескермей, соның зардабын тартады дейді төтеншеліктер. Ал ауа райын болжаушылар боран мен дүлей жел бүгін де бірқатар аймақта болады дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!