Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі ұсталды
Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Полиция мен Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында қылмыстық топтың бес мүшесі ұсталып қамауға алынды.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
30.03.2022
Олардан қару-жарақтың арсеналы табылып, ұсталғандар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген күдікке ілініп отыр.
Құрықталған қылмыстық топтың бес мүшесі қару-жарақты Алматы облысының түкпір-түкпіріне тығып кеткен. Тінткен кезде жасырын қоймадан екі Калашников автоматы, 60-тан аса аңшы мылтығы, 10 шақты тапанша, винчестер және радиобайланыс құралдары тәркіленді. Сонымен қатар, оқ өтпейтін кеудеше, 6 жарық шулы граната, 200-ден аса оқ-дәрі табылды. Тәртіп сақшылары қару-жарақ сақталған жасырын орынды кеше анықтаған. Табылған арсенал сараптамаға жіберіліп оның иелері анықталады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Бұл қаружарақтың қайдан алынғаны, кімге тиесілі екені міндетті түрде тексеріледі. Еліміздегі қаңтар оқиғаларына қатысы бар деген күдігіміз бар. Оны тексеретін боламыз. Қазір осы дерекпен ҚК 287ші бабының 3 тармағымен қылмыстық іс қозғалып, сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер қамауға алынды. Бұл баптың санкциясы 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!