Өңірлерде дүлей дауыл мен бораннан келген зардаптар
Дүлей дауыл мен боран елордадан бөлек, еліміздің бірнеше облысын да әбігерге салды. Ақмола, Қарағанды облыстарында тіршілік ақтүтек бораннан тұраласа, Алматы мен Атырау облыстарында қатты жел тұрғын үйлердің шатырын ұшырып, тал-теректерді тамырымен қопарып кеткен. Салдарынан электр желілері үзіліп, жұрт сағаттап жарықсыз отырды. Зардап шеккен адамдар бар. Ал тас жолдарда апат саны еселеп артқан.
Автор: Жаңалық Ахаш
30.03.2022
Жан-жақты жайпаған дүлей боран Ақмола облысының тұрғындарын әбден әбігерге салды. Қатты соққан желдің жылдамдығы секундына 30 метрге жетіп, 7 бірдей нысанның шатырын жұлып кетті.Оның ішінде Атбасар ауданындағы екі мектеп бар. Қырық мыңнан аса абонент электр жарығынсыз қалды. Қазір 10 ауылда құлаған электр бағаналары тұрғызылып, мамандар жұмыс істеп жатыр. Боран басылғанымен, облысаралық жолдың 53 учаскесі әлі жабық.
Нұрлан Атығаев, Ақмола облысы ТЖД бастығы:
- НұрСұлтанға бет алған 100-ден аса көлік кептелісте тұрды. Бірнеше көлік соғылып, 50 адамды сол жерден алып шықтық. 10 бала, екіқабат екі әйел бар. Қатты желден үйдің мұржасы құлап Қаражар ауылында 7 адам ыс тиіп ауруханаға жеткізілді. Адам шығыны жоқ. Облыс бойынша бораннан келген шығын есептеліп жатыр.
Алматыда желдің екпені қатты болғаны сонша, әуежайда тұрған ұшақты орнынан жылжытып тастады. Қайта ішініде жолаушы болмапты. Осы оңтүстік астанадағы үйлердің де қас беттері мен шатырларын жел ұшырып, ағаштарды құлатты.
Құтқарушылар кеше түнде Қарағандыдан бес шақырым жерде тұралаған жолаушыға лық толы автобусқа алты сағат дегенде айғайдың күшімен әрең жетті. Олардың қар құрсауынан 252 адамды құтқардық деген есебіне ел күмәнмен қарайды. Боранның алдында жолға шығып кеткен көліктер қар құрсауында әлі тұр. Ақтүтектен сырт түгілі, қаланың ішінде көліктер көптеп соқтығысқан. Дүлей дауыл қаладағы 2 көпқабатты үйдің шатырын жұлып әкетті. Қаладан шығатын барлық бағыттағы жолдар бүгін де жабық.
Таразда тұрғындар бірнеше сағат бойы жарықсыз отырды. Тек таңға жуық қана үзілген желілер жалғанып бағаналар қалпына келтірілді. Тамырымен опырылған тал-теректер жол бойында тұрған көліктерді басып қалған. Оған қоса бағдаршамдар да істен шығып көлік қатынасы қиындады.
Дүлей дауылдың кесірінен Ақтөбедегі екі аурухана шатырсыз қалды. Бірнеше көпқабатты үйдің де төбе жабындысын жел ұшырған. Табиғатты тосын мінезінен қол созым жер көрінбей ондаған көлік жолда қалған. Ондағы сексенге жуық жолаушы қауіпсіз жерге жеткізілді.
Нұрбек Оралбаев, Ақтөбе облысы ТЖД бас маманы:
- Апаттан құтқару жұмыстары Ақтөбе қаласында, Алға, Хромтау және Қарғалы аудандарында жүргізілді. Олардың барлығы боранның кесірінен тап келген. Ауа райының күрт өзгеруінен нашарлауына байланысты жолда қалып қойған. Зардап шеккен адам жоқ. Шатыр қатты желден ұшып кеткен.
Атырау облысында қарлы боран болмағанымен, құмды құйын тұрғындарды әбігерге салды. Дауылдан локомативті депоның шатыры ұшып, шойын жолда тұрған тепловозға түскен. Бұл аймақта ондаған үй мен бірнеше балабақша, ауруханалардың қасбеті мен шатыры бүлінді.
Қайрат Темірболатов, Атырау облысы ТЖД басқарма бастығы:
- Қатты желден ің Ақжар поселкесіндегі Ақбөбек және Нұрсая 29 мекенжайында орналасқан екі балабақшаның шатыры ұшқан және үш қабатты Атырау облысы кардиологиялық орталықтың шатыры да бүлінген. Тұрғын үйлердегі шатырлары сынып құлаған. Құтқарушылар альпинистік құралжабдықтарды пайдалана отырып, бүлінген щатырлардың конструкцияларын нығайтып, жолға түскен шатырларды жинап жатыр.
Дүлей дауыл кесірінен Атырауда үш адам зардап шекті. Екі науқас медициналық көмек көрсетілген соң үйіне қайтарылса, қолы сынған бір тұрғын ауруханада жатыр. Синоптиктер ертең ел бойынша боран басылып, апта соңында күн ашық болады дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!