«Стартап» атын жамылып мемлекетті сүлікше сорған
«Стартап» атын жамылып мемлекетті сүлікше сорған. Бес майнинг компаниясы Үкіметтен 8 жарым миллиард жеңілдік алып келіпті. Ал заңсыз жұмысын ІТ-стартаптар технопаркі - Astana Hub-тың ішінде жалғастырған.
Автор: Әзиза Төленби
31.03.2022
Бұны Есеп комитеті «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуын тексеру барысында анықтады. Бірақ елдің цифрлық дамуына жауапты министр Бағдат Мусин олармен соттасуға қауқарсыз екенін мойындап отыр.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Astana Hub-та 574 қатысушы тіркелген. Олардың бесеуі майнингпен айналысқан. Бұны тек біреуі ғана мойындап отыр. Ал қалған төртеуі ақпараттарды өңдеуге жұмыс істеген. Біздің оларға тісіміз батпайды. Соттаса да алмаймыз. Өйткені криптовалюта өндірумен айналысқанын дәлелдей алмаймыз. Оларды тергеп-тексеретін заңда құзыретіміз жоқ.
Министр айтқан бес ұйым стартап-компания болып тіркелген. Осылайша былтыр 8 жарым миллиард салық жеңілдіктерін, кеңсе жалдау сияқты басқа да стартап жобаларға берілетін қолдауға ие болған. IT мамандары заңның ескерусіз қалған тұсын өз пайдасына асырыпты. Ал цифрлық даму министрлігі активтерді басқару, тексеру туралы заң жобасын кеш болса да Парламенттен өткізіп алған. Енді ол президент қол қойған соң күшіне енеді. Десе де аудит жүргізген Есеп комитеті дер кезінде заңсыз тірліктің алдын ала алмаған цифрлық даму министрлігін кінәлап отыр.
Ақылбай Ыбраев, ҚР Есеп комитетінің бөлім басшысы:
- Майнинг технопарктің негізгі мақсаты мен міндетіне жатпайды. 2021 жылдың үш тоқсанында оларға 8 жарым миллиард теңге салық жеңілдігі берілді. Негізі оларға берілмеуі керек еді. Бірақ заңнама шектеу қоймайды. Олар соны пайдаланған. Бұл цифрлық даму министрлігі тарапынан бақылаудың жоқтығын көрсетіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!