35 жыл жөнделмеген мектептің төбесінен су сорғалап тұр – Түркістан облысы
Түркістан облысындағы оқушылар сыныпқа сыймай жатыр. Келес ауданындағы ескі мектепте оқу бөлмелері жетіспейді. Білім ошағының басшысы бос жердің бәріне парта қойып, балаларды үш ауысыммен оқытуға мәжбүр. 35 жылдан бері жөндеу көрмеген білім ошағының төбесінен де су сорғалап тұр.
Автор: Бек Әбиев
31.03.2022
Соның салдарынан ғимарат сыз тартып, қабырғалары көгеріп кеткен. Апатты жағдайдағы мектептің бүгінгі кейпі адам шошырлық.
Қауыншы ауылында жалғыз мектеп бар. Оның өзінің төбесі тесік. Жауын-шашында сыныптарды су басады. Оқушылар жауын тимейтін жерлерге жайғасып оқуға мәжбүр. Парталардың жан-жағына қойылған су жинайтын ыдыстар үйреншікті көрініске айналған.
Айтбек Дүйсен, мұғалім:
- Су тамшылаған соң шелек қойып қоямыз. Төбені көріп отсыздар, апаттық жағдай. Терезенің сылағы түсіп жатыр. Оқушылардың басына тұсе ме деп қорқамыз. Сабақ оқуға да кедергі жасайды. Көгеріп кеткен, сыз иісі бар. Оқушылар тыныс алуға қиналады.
Үнемі ылғалда тұратын ғимараттың қабырғасы көгеріп, мектепті сасық иіс басқан. Парта мен тақталары да Кеңес үкіметінен қалған. 1986 жылы салынған білім ордасы содан бері жөндеу көрмепті. Әбден тозығы жеткен ғимаратты мұғалімдер жыл сайын өз күшімен жамап әлек.
Мектептің спорт залын аудандық шенеуніктер осыдан 10 жыл бұрын апатты деп таныған екен. Сол уақыттан бері мүлдем жөндеу көрмеген. Уақыт өткен сайын спорт бөлмесі күйреп, қақырап барады. Ал жауын-шашында оқушылар дене шынықтыру пәнінде қолшатыр ұстауға мәжбүр.
300 орындық мектепте 700 бала білім алады. Сынып кабинеттері жетіспейді. Әр бос бұрыш оқу кабинетіне айналған. Тіпті қойма мен әжетханаға дейін парта қойылып, оқушылар үш ауысыммен оқып жатыр. Ал мектептің жай-күйіне күйінген ата-аналар ұл-қызын оқуға жіберуге қорқады.
Сейілхан Аманбердиев, Қауыншы ауылының тұрғыны:
- Бүкіл ауыл тұрғындары мәселе шешілмесе, балаларды мектепке жібере алмаймыз деп отыр. Өйткені қауіп бар. Құлап кетуіне де ешкім кепіл бермейді, тоқ соқпауына да ешкім кепіл бермейді. Бізге әр баланың денсаулығы, амандығы керек.
Мектеп басшылығы ғимаратқа күрделі жөндеу қажет екенін шенеуніктерге 10 жылдан бері айтып келеміз дейді. Ал аудандағы білім бөлімі бар мәселе қаржыға тірелетінін айтады.
Бақтияр Әбдиев, Келес ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:
- Сметасы көрсетілген құжатты осы жердегі кәсіпкер демеу көрсетіп, бір айдың ішінде бітіріп берем деген. Кеше сөйлестік. Сметалық құжатқа 11 миллион теңге керек. Түгел, қабырғасы, іші-сырты, едені, шатыры бәрін жөндеуге.
Енді бір айда құжаты жасалса, биылдан қалдырмай бюджеттен күрделі жөндеуге қаржы сұратамыз дейді. Бірақ ақшаның дереу бөлінер-бөлінбесі тағы белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!