{metadescription}
Қоқысы көп, жолы жоқ – Қаскелең
Қоқысы көп, жолы жоқ – Қаскелең

Қоқысы көп, жолы жоқ – Қаскелең

Қоқысы көп, жолы жоқ! Алматы облысы, Қаскелең қаласының бір топ тұрғыны өркениеттен қалыс қалдық деген шағымын жеткізді. Атқамінерлер 20 жылдан бері асфальтті әне-міне төсейміз деген уәдеге тойдырып келеді дейді тұрғындар.

Одан бөлек, бір ай бойы  қоқыс шығарылмай аумақ қалдық затқа толған. Әкімдіктегілер бұл жағдайдан еш әбестік көрмейтіндей.

Атқамінерлердің маң-маң жүрісімен Мамыр көшесіне қашан мамыражай күн орнайды деген сауал тұрғындарға маза бермейді. 50-ге жуық түтіні бар көшенің күйі осы. Таяғына сүйеніп аяңдаған Амангүл Ахметова жамауға келмейтін жаман жолда аяғын майып қылғандардың бірі.

Амангүл Ахметова, Қаскелең қаласының тұрғыны:

- Әнеукүні осы жолда екі рет құладым. Кеше жаңбырда тағы құладым. 13 ақпанда құладым. Ауруханаға барып бір айдан аса гипспен жүрдім. Енді бойымды тіктеп тұрып жатырмын. Бел омыртқам шытынаған, аяғым шытынады. Осы көшеде жүріп-тұруымыз қиын.

Жолдың жайын айта-айта жағы талған жұрттың зығырданы қайнайды. Екі жыл бұрын орнатылған трансформатор әлі күнге қоршалмаған.

- Мына жақта қаншама кішкентай балалар жүгіріп жүр. Өте қауіпті. Осыны бір қоршап, кішкене астын көтеріп, суға тимейтіндей қоршап қойса. Жергілікті әкімдікке үлкен кісілер кіріп шыққан. Сол бойы қалды, еш нәтиже жоқ.  

Тағы бір бармағыңызды бүгіп қойыңыз. Енді апталап қоқыстың алынбауы тұрғындарды титықтатып бітті. Онсыз да шұрық-тесік жолдан зәрезәп болғандар: «Енді жетпегені күн ысығанда көшені қолқаны қабатын иіс басқаны еді» - дейді.

Рысгүл Тыныштықова, Қаскелең қаласының тұрғыны:

- Адам басына айына 400-ден алады. Міне, қоқыс үш аптадан бері жиналған жоқ. Негізі әр адамнан адамға 400 деген удай қымбат сияқты. Көп болса, әр үйден бір мөшектен ғана шығады.  

Шаш етектен жиналған мәселеге Қаскелең әкімдігінің жауабы дайын. Қоқыс бірер күнде алынады деп сендірді. Ал ойқы-шойқы Мамыр, Байбосынов секілді 12 көшенің жоба-смета құжаты облыстан мақұлданғанын, енді 712 милионның аударылуын күтіп отырғанын жеткізді.

Айбар Жақанбаев,  Қарасай ауданы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Жылдық бюджеттік жоспарға сәйкес облысқа жөндеу жұмыстарына тапсырыс беріп қойғанбыз. Жоба жасалып, сараптамадан өткізіліп, жөндеуге тапсырыс беріп отырмыз. Бүгінде тек жөндеуге қаражат күтіп отырмыз. Комиссия қарастырады, біз қарастырмаймыз, бюджеттік комиссия бар, сол қарастырады.

«Алатау жарық компаниясы» трансформатордың қоршаусыз тұрғанынан қорықпау қажет деп санайтындай. Жолдаған жауабына қарағанда стационардың тоғы ішінде, одан еш қауіп жоқ дейді. Дегенмен тұрғындар көшелерінде қордаланған мәселе шешілмейінше, берілмеуге бел буған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

29 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде