Оралда жылда жөнделетін жолдардың тозығы шығып жатыр
Оралдағы көлік жүргізушілері шұрық-тесік жолдан шаршадық деп шағымданды. Өйткені қаладағы көшелердің бәрі қыстан кейін бүлініп кеткен. Соның салдарынан көлігіміз жиі сынып, доңғалағын жиі ауыстыруға мәжбүрміз дейді жүргізушілер. Тоз-тозығы шыққан тас жолдар жылда жамалғанымен, сапасы сын көтермейді.
Автор: Айман Нұрмағанбет
31.03.2022
Осыны айтқан оралдықтар әлеуметтік желіде қала әкімінің отставкаға кетуін талап етуде. Ал жолға жауапты мамандар тендер аяқталса ауқымды жөндеу басталатынын жеткізді.
Оралдағы шұрық-тесік жолдың жыры көлік жүргізушілерін мезі еткен. Әбілқайыр хан көшесінде көлікпен жүру мұңға айналған. Ойдым-ойдым жолдан шаршаған тұрғындар “бұл көшені айналып өтеміз” дейді.
Руслан Мундеев, Орал қаласының тұрғыны:
- Былтыр көлігіме төрт жаңа дөңгелек сатып алып едім. Биылға шыдамады. Жолдың жағдайы мәз емес. Жауаптылар қайда қарап отыр?
Көше жөндеуге жылда қырауар қаржы бөлінеді. Соған қарамастан Орал еліміздегі жолдары ең нашар қалалардың көшбасында. Өйткені жылда төсейтін асфальт бір жылға жетпей, көктемде ойылып кетеді.
Алексей Бахирев, Орал қаласының тұрғыны:
- Жолдың жағдайы нашар. 20 шақырым жүрсең, көліктің амортизаторы құриды. Қазір көліктің қосалқы бөлшектері де қымбат тұрады.
Мезі болған көлік жүргізушілері әлеуметтік желіде жолды жөндемейтін қала әкімі орнын босатсын деп петиция жариялаған. Мұны көрген шенділер биыл барлық көшені жөндейміз деп сендірді. Құрылыс жұмысы маусым айында басталады.
Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Конкурсты бастадық. Әбілқайыр хан даңғылы бойынша. Бұл жобаның құны 650 млн теңге. Енді сатып алу заңдарына сәйкес уақыт тез болады дегеннің өзінде 2-2,5 айда мердігер анықталса, жұмысты міндетті түрде бастайтын боламыз. Ал енді Шолохов көшесі бойынша жоба-смета құжаттамасы дайын, сараптамаға сәйкес құны 4 млрд 200 млн тг төңірегінде. Одан бөлек басқа көшелерге бюджеттік ұсыным береміз.
Биыл Орал қаласындағы көшелерді жөндеуге 9,5 миллиард теңге қаржы жұмсалмақ. Шұңқырларды жамау күн жылынған соң басталады. Ал толық жөндеу тендер аяқталып, мердігер анықталған соң жүргізіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!