Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия меморандумға қол қойды
ТҮРКСОЙ-да жаңа төраға. 14 жыл бас хатшы болған Қазақстанда бұрынғы мәдениет министрі Дүйсен Қасейіновті Қырғызстан өкілі алмастырды.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
01.04.2022
Түркияның Бурса қаласында өткен ұйымның кезектен тыс отырысында осындай шешім қабылданды. Басшыны ауыстырып қана қоймай, түркі әлемінің жаңа мәдени астанасы жарияланған жиынға КТК тілшісі де қатысты.
Улыдаг тауы баурайындағы Бурса қаласы Осман империясының алғашқы астанасы. Түрік ағайындардың бұл шаһарға деген құрметі жоғары. Биыл түркі әлемінің астанасы мәртебесін алғаннан бері қалаға бұрынғыдан да көп көңіл бөлініп жатыр. Тамыры тереңге созылған тарихы ғана емес, салт-дәстүрі, мәдениеті жаңғырды.
Әлемнің 20 елінен арнайылап мәдени шараға шақырылған 700 өнерпаз 7 мың көрерменді түркі елдерінің сол тарихына терең бойлатып, өнерімен ұлттық бояу сыйлады.
Бурса жылы аясында енді жыл бойы түрлі кездесу ұйымдастырылады. Маңызды деген мәселелер шешіліп, түрік жұртына рухани, мәдени әсер қалдыратын дүниелер жасалмақ. Мұндай тарихи шараларды қолға алған ТҮРКСОЙ ұйымы жылдың өтуін бурсалықтарға тапсыра сала, келесі 2023-жылы түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болатын қаланы анықтауға кірісті. Ұйымға мүше елдер бірауыздан Әзірбайжанның Шуша қаласын таңдады. Жиынға қатысқан әзірбайжандық тілшілер Қарабақта орын алған қарулы қақтығыста түгі қалмаған бұл шаһарға ТҮРКСОЙ ерекше көңіл бөлсе деп тілеп отыр.
Наргиз Мамедова, әзірбайжан журналисі:
- Алдағы жылға Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде тарихы тереңде жатқан өзіндік үйлесімі бар қалалар таңдалатынын көріп жүрміз. Шуша да соған сай қала. Әзірбайжан билігі қазір қарулы қақтығыстан аман қалған Шушаны қайта қалпына келтіруге күш салып жатыр. Музыка, кино, театр саңлақтары осы жерден шықты. Бар ел Шуша туралы бәрін білсе екен деймін. ТҮРКСОЙ да барынша қолдағанын қалаймын.
ТҮРКСОЙ-дың кезектен тыс басқосуына тағы бір маңызды себеп бар. 14 жыл ұйымды басқарған Қазақстанның бұрынғы мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов Бас хатшылықтан кетті. 75-ті еңсерген азаматқа шапан да жабылып, кеудесіне орден, медаль тағылды. Қимай қоштасқан әріптестері әр сөзіне мақтауын асырды. Ал ендігі Бас хатшылық – Қырғызстанда. Танымал жазушы, драматург Сұлтан Раев ұйымға бес жыл жетекшілік етеді. Раев әзірбайжандықтар сұрап отырған Шушаға қолдау көрсетуге ынталы.
Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы:
- Әзірбайжан үкіметі қаланы қайта қалпына келтіруге кірісті. Әзірге басқа елдердің көмегіне зәру емес. Егер ТҮРКСОЙ тарапынан қандай да бір қолдау қажет болса, біз көмектесеміз. Бұдан бөлек, Шушада мәдени ісшаралар өткіземіз. Қала түркі әлемінің өркениетін насихаттайтын көпір болатынына сенеміз.
Төрт күнге созылған кеңес отырысы жаңа жылда жаңа леппен басталды. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан елдері және Түркия өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойып тарқасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!