Ақтөбе облысының әкімі тасқынның тез жеткеніне аң-таң
Ақтөбедегі тасқынға байланысты жеті мың оқушы сабақты қашықтан оқитын болды. Балалардың қауіпсіздігі үшін тасқынның беті қайтқанша мектепке баруға тыйым салған. Күні кеше оқушы қыз жол бойындағы арыққа құлап, оны сол маңда болған жігіттер құтқарып қалды.
Автор: Жаңалық Ахаш
01.04.2022
Қазір қаладағы бірнеше ықшамауданды еріген қар суы басып қалған. Облыс орталығынан бөлек, бес ауылмен қатынас үзілді. Ол жақтағы жолдарды да су шайыпты.
Ақтөбеде арыққа құлаған қызға қатысты бейнеролик әлеуметтік желіде кең таралып жатыр. Оны көргендер шошынып, қызу талқыға салуда. Оқушы жол жиегімен келе жатқанда ағысы қатты арыққа түсіп кеткен. Оны сол маңдағы фитнес клубтың жаттықтырушылары шығарып алған. «Бірер минут кешіккенде аман алып қалуы мүмкін емес еді», - дейді құтқарғандар.
Алексей Ступенко, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Алғашқыда екі адам болып шығарып алғымыз келді. Судың ағысы қатты болып, оған әліміз келмеді. Жұмыстағы жігіттер мен тұрғын үй кешенінің күзетшісі көмекке келді. Қызды судан шығарып алып кеңсемізге әкелдік. Киімін ауыстырып, жедел жәрдем шақырдық.
Қырдан аққан қызыл су Ақтөбенің бірнеше ауданын басып қалған. Көлкіген судан көлікпен жүру қиындаған. Құдыққа түскен қыздың оқиғасынан қорқып қалған биліктегілер қаладағы 13 мектептің оқушыларын онлайн оқуға жіберді. Онымен қоса кабинетінен көп шықпайтын облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұрт ұйқыға жатқанда түнделетіп қала аралауға шықты. Өзі тұратын Ақтөбенің жайын қарамағындағылардан сұрап, тасқынның қалай тез жеткеніне таң болды.
- Құдайдың құдіретімен ойнауға болмайды. Біздің ауылдың суы бір күнде даланың бәрін алып кетеді. Көріп отырсың ғой. Осымен енді сарқыла ма?
- Иә, қазір штаб құрылды. Барлық елдімекендер бар тағы да. Кезекшіліктеміз, арнайы техника апарып, құм не..
Ақтөбе шетіндегі төрт ауылды су басып, бірнеше үйдің ішіне де кірген. Екі ықшамаудан тұрғындары қызыл судан үйінен шыға алмай қалды.
Ақтөбе шетіндегі ауылдар тұрмақ, қаладағы ықшамаудандардың ауласы суға көлкіп тұр. Тұрғындар өзі ақша жинап топырақ толы қаптардан қорған жасаған. Бірнеше күннен бері тасқынға қарсы штабқа хабарласқанымен, ол жақтан еш көмек болмағанын айтады.
Ғани Мектепбаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Сыртқа шығудың өзі қиын. Көріп тұрсыңдар ғой. Есіктің алды, арты, жүретіндей жағдай жоқ. Үш күн болды өзіміз жүрміз. Құм әкеліп, міне, көршілерден қапшық жинадық.
Аудандарда да жағдай оңып тұрған жоқ. Алты ауылға баратын жолды су шайып қатынас үзілген. Бір ауылды электр жарығынан ажыратып тастапты. «Трансформаторға су тиіп тұрғындарға кесірі тиер деп қауіптендік», - дейді төтенше жағдай қызметкерлері.
Қайрат Қасым, Ақтөбе облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- Алты ауылға баратын жолды су шайды. Қазір Миялы, Оймауыт, Сарбұлақ, Өтек, Ақшатау мен Көптоғай ауылдарымен қатынас жоқ. Ол жақта үш мыңдай тұрғын, жеті жүздей үй бар. Азықтүлік, дәрі-дәрмекті қайықпен жеткізіп жатырмыз.
Ақтөбе қаласын тасқыннан қорғауға бюджеттен 120 миллион теңге бөлінген. Әкімдіктегілер қазір су сорғызып құм тасуға 150 көлік жұмылдырылғанын айтады. Ал арыққа құлаған қызды құтқарғандарды марапатқа ұсынбақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары