Индексация: Зейнетақы мен жәрдемақы өсуі мүмкін
Жазда зейнетақы мен жәрдемақы өсуі мүмкін. Инфляцияның өсуіне байланысты Үкімет әлеуметтік төлемдерге осылай индексация жасамақшы. Ол үшін бюджеттен қосымша 110 миллиард теңге бөлінеді. Сондай-ақ президент Жолдауында айтылған басқа да әлеуметтік міндеттемелерге де қосымша қаржы керек.
Автор: Әзиза Төленби
05.04.2022
Ал әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты алыс-беріс айтарлықтай азайған. Сәйкесінше мемлекет қазынасы да ортайған. Үкімет "жыртығын жамауға" Ұлттық қордан ақша сұрап отыр.
Мемлекет басшысы Ұлттық қорға көз тігуді қою керек десе де, Үкімет бұл жолы да басқа амал таппаған. Бұған әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы себеп дейді олар. Сауда-саттықтың кемуі, инфляция деңгейінің күрт төмендеуі жалпы ішкі өнімді азайтқан. Болжам бойынша биыл ол 3,9 пайыздан 2,1 пайызға түседі. Бюджет тапшылығын енді Үкімет Ұлттық қор қаржысымен жаппақ. Бүгін алдағы бес жылға бюджет бекіткен Министрлер кабинеті Ұлттық қордан 1 триллион 600 миллиард теңге алатын болды.
Қыруар қаржы президент жолдауында айтылған тапсырмаларды орындауға және елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге жұмсалмақ.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Бюджет шығысының өсуі, біріншіден, Президенттің тапсырмаларына байланысты. Қаңтардан кейінгі жағдайдан кейін, одан кейін Жолдауда айтылған тапсырмалар және Мәжілісте өзінің берген тапсырмалары және басқа да әлеуметтікэкономикалық мәселелерді шешуге байланысты бюджеттік шығыс бөлігін арттыруға мәжбүрміз. Доллардың теңгеге шаққандағы бағамы құбылмалы болып тұр. Енді бұл өзгермелі доллар саясаты. Біз бюджетті болжаған кезінде есептік көрсеткішті аламыз. Есептік көрсеткіш 1 АҚШ доллары 460 теңгені құрап отыр.
Ал мұнай бағасы барреліне 90 доллар деп бекітілді. Оның үстіне Қазақстан мұнай өндірісін екі миллион баррельге төмендетуге мәжбүр. Бұл да бюджетке артық салмақ. Осы қиын қаржылық жағдайға қарамастан Үкімет әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын бірінші кезекке қойып отыр. Яғни алдағы маусым-шілде айында зейнетақы мен жәрдемақы 9 пайызға дейін өсуі мүмкін.
Әлібек Қуантыров, ҚР Экономика министрі:
- Біз инфляция деңгейін 810 пайыз көлемінде деп алдық. Сонда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері шамамен 9 пайыз индексацияланады. Ұлттық қор таусылып қалмайды. Біріншіден, Ұлттық қордың активтері сол деңгейде қалады. Біз одан президенттің биыл берген тапсырмалары мен түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруға ақша аламыз.
Қуантыров қазан түбі көрінбейді десе де, бюджеттің шығысы 3 триллион теңгеге өскенін мойындайды.
Әзірге бұл есептер Үкіметтің өз жоспары. Енді нөлі мен жауапкершілігі көп құжатты парламент пен Президент құптауы тиіс. Ертең министрлер Мәжіліске келеді деп жоспарланып отыр. Алдағы 5 жылдық бюджетке алдымен осы депутаттар келісім беруі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!